"Әзірге қылмыс құрамы анықталмады" - 12 адам қаза тапқан трагедияға байланысты жаңа дерек

Сағыныш Сардарова 19 қар. 2025 09:20

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Үкімет отырысында Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылындағы жеке үйде болған өртке байланысты қабылданып жатқан жедел шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Вице-премьер кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шыққанын айтты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранып, шатыры ішінара опырылған.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің күш-құралдары дереу жіберілген, өрт сағат 07.22-де сөндірілген. Өкінішке қарай, оқиға орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы - бала. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.

Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатыр. Әзірге қылмыс құрамы жоқ. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі).

Еске салайық, кеше жеке үйдегі өрт салдарынан 12 адам қаза тапты, тоғызы - балалар. Мәліметке сүйенсек, өрттен қаза тапқан марқұмдар - бір әулеттің мүшелері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар