Азық-түлік бағасы қымбаттай ма? – Министрлік жауап берді

Қаракөз Амантай 20 мау. 2025 13:12

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі кейбір азық-түлік тауарларының қымбаттауына қатысты қоғамда туындаған алаңдаушылыққа түсініктеме берді. Бұл күмәнді пікірлердің туындауына жуырда жарияланған минималды бағалар тізімі себеп болған еді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Министрліктің ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, шілде-қыркүйек аралығында 11 түрлі тауарға қатысты минималды баға деңгейі белгіленбек. Тізімге құрамында 80%-дан жоғары және төмен спирт, коньяк, арақ, жұмыртқа, ұн, екі санаттағы бидай, ашытқы, күнбағыс майы сияқты өнімдер енген. Мысалы, арақтың минималды бағасы – 1136,16 теңге/литр, жұмыртқа – 37,8 теңге/дана, ал құрғақ ашытқы – 1376,56 теңге/кг деп көрсетілген.

Министрлік өкілдері бұл бағалардың дүкен сөрелеріндегі бағаға еш қатысы жоқ екенін атап өтті. Айтуларынша, бұл тек импорт кезінде қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу үшін қолданылатын есептік көрсеткіш.

"Аталған тетік импорт кезінде салық төлеуден жалтармаудың алдын алу үшін енгізілген. Минималды баға импорттаушының мәлімдеген бағасы мен отандық өндірушілердің бағасының орташа мәні негізінде есептеледі. Бұл көрсеткіш тек ҚҚС есептеу мақсатында ғана пайдаланылады", – делінген ведомство хабарламасында.

Министрлік атап өткендей, бұл тізім алғаш рет 2021 жылы салық органдарының бастамасымен бекітілген және 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданыла бастады. Бағалар маусымдық ауытқулар мен сыртқы нарықтағы тұрақсыздықты ескере отырып, тоқсанына бір рет жаңартылып отырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар