Азып-тозып жүрміз. Алтын медаль қазаққа азық болмайды - Ахметбек Нұрсила

Қаракөз Амантай 30 шіл. 2024 20:06 19016

Жақында белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила дзюдодан Париж Олимпиадасының жеңімпазы атанып, дүйім жұрттың көзіне жас, көңіліне қуаныш сыйлаған Елдос Сметовтің жеңісіне байланысты әлеуметтік желіде жазба жариялады. Бұл өз кезегінде көпшіліктің қызу талқысына түсті. Бірі ашуға мініп, кәсіпкерді сөгіп жатса, енді бірі оның пікірін қолдай кетті. Осы тұста Dalanews.kz тақырыпқа тұздық ретінде жазбасы үлкен резонанс тудырған автордың жеке пікірін сұрап көрді.

Ахметбек Нұрсила әдеттегідей сөз басын Абайдың өлең жолдарынан бастады. Оның сөзінше, спорт саласындағы жетістіктер - бос мақтаныш.

“Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ” деп Абай атамыздың сөзіне қайта оралғым келеді. Мақтан деген не? Бұл жақсы қасиет пе? ”Айдағаның бес ешкі,  ысқырығы жер жарады” дейді.

Мысалы, Қазақстан не деп мақтанады? Иә, елге атағымыз шығып жатыр. Немен мақтанасың? Әскерімізбен мақтанамыз ба? Ғалымдарымызбен мақтанымыз ба? Өндіріспен мақтанамыз ба? Халықтың әлеуметтік жағдайымен мақтанамыз ба? Осындай ұлан-ғайыр жеріміз бар, бірақ халқымыздың 80 %-ы кедей деп мақтанымыз ба? Орта жасы ең төмен ел деп мақтанамыз ба? Сонда біз немен мақтанамыз? Қазақстанды не деп танытады? Елдің бәрі біледі-мыс,  алайда соған менің миым жетпейді. Сол мақтанатындай қазақты не деп танытты?

Бүгін біреу басқалар “Қазақстан” деген елдің бар екенін біледі дейді. Иә, халқы тозақта тұрып жатқан, Ауғанстан деген ел де бар. Африканың халқы да сұмдық кедей тұрады. Осындай ел де бар. Енді оның несі мақтаныш? Соған менің миым жетпейді. Бәлкім, мен топас шығармын. Бірақ мен мұнда мақтанатын еш нәрсе көріп тұрғаным жоқ. Абайдың “Бір дәурен кемді күнге – бозбалалы” деген өлеңінің мына бір шумақтарына мән беріңіздерші.

Бір дәурен кемді күнге - бозбалалық,

Қартаймастай көрмелік, ойланалық.

Жастықта көкірек зор, уайым жоқ,

Дейміз бе ешнәрседен құр қалалық.

 

Бар ойы - өлең айтып, ән салалық,

Біреуді қалжың қылып қолға алалық.

Қызды ауылға қырындап үйір болса -

Көңіліне зор қуаныш бір бадалық.

 

Демеңдер өнбес іске жұбаналық,

Ақыл тапсақ, мал тапсақ, қуаналық.

Қызды сүйсең, бірді-ақ сүй, таңдап тауып,

Көрсе қызар, күнде асық - диуаналық.

 

Жастықта бір күлгенің - бір қаралық,

Күлкі баққан бір көрер бишаралық.

Әуелі өнер ізделік қолдан келсе,

Ең болмаса еңбекпен мал табалық” , - дейді ол.

Кәсіпкер сөзіне дәйек ретінде Израиль мемлекетінің жай-күйін мысалға келтірді. 

“Неге мен қарсымын? Мысалы, қазір Израильді алып қарайық. Әлемнің басым бөлігі жабылып, “қой” десе де, қоймай жатыр. Ата жауларымен соғысуда. Олардың әрекетін дұрыс деп айтпаймын. Бірақ 10 млн-ға жуық халық тұратын Израиль қарулану жағынан, яғни “қорғанысы” бойынша әлемнің алпауыт елдерінің арасында 17-ші орында тұр. Ал бізде сарбаздарымыз шығады, бірақ мылтығы дұрыс атылмайды.

Осындай алтын сандықта жалаңбұт отырғанымызбен мақтанамыз ба? Әлемге мақтанатындай біздің жастарымыз шетелге кетіп, фейсбукте, гуглда жұмыс істеп жатыр. Соның бірі туған жиенім - Нұрдәулет. Ол келініммен бірге “гуглда” жұмыс істейді. Солардың жанындағы достарын да көрдім. Деңгейлері өте жоғары.

Тағы бір мысал келтірейін. Мәселен, Мұхтар Тайжанның баласы Илон Масктің жобаларының жеңімпазы атанды. Неге солармен мақтанбаймыз? Неге ғалымдармен мақтанбаймыз? Неге ережесіз жекпе-жек палуандарымен мақтанамыз? Алда-жалда бір жағдай болса, ертең сол палуандар ракетаны ұрып құлата ма? Тәңкілерді алып соға ма? Сол қазаққа тамақ бола ма, үй бола ма? Жастардың басым бөлігі боксер немесе әнші боламын дейді. Себебі олар халық алдында жүреді.  Осылайша бәрі жапа тармағай не әнші, не боксер болғысы келеді. Неге солар білім-ғылыммен айналыспайды? Солай істесе мен қуанатын едім. Ішің тар, қуана алмайсың дейді. Мен білім-ғылым жолына түскен, жаңалықтар ашқан, елімізді өркендететін жастардың жетістіктеріне қуанамын. Ал енді олимпиадада дзюдодан медаль алды дейді. Бұл қазаққа не береді? Маған ештеңе керек емес, менің жағдайым бар. Менде ешқандай мәселе жоқ. Бірақ ол қазақ халқына не береді? Сол салынатын үй бола ма, егін бола ма? Науқастарға ем бола ма? Не деп қуанамыз?”, - деп сөзін қорытындылады кәсіпкер.

Еске салайық, бұған дейін Ахметбек Нұрсила Абай атамыздың сөзін мысалға келтіріп, желіде жазба жариялаған еді.

“Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады

Қазір “Өтірік көлгірсімеші ей, хайп үшін жазып отырсың” деген комменттерден көз аша алмайтынымды білемін.

Олимпиада деген нәрсе болайын деп жатқанан осы ФБ да “Рыбакина олимиядаға бармады, қазақтың туын менсінбеді” деген мақаладан содан кейін “Олимпиада ашылуы нашар болды” деген тағы бір мақаладан көзім шалып қалып” Халықтың ақшасын шашу фестифалі басталайын деп жатыр екен ғой” деп қойғам Бүгін достардың чатынан “Елдос чемпион” деген (дәл осылай жұмсақ белгімен жазылған) жазбаны оқып қалдым. Бірден Абай жарықтықтың балуан мен бәйге жайлы сөзі есіме түсті.

“Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе,күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады.

Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар?

Жүйрік ат – кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те – кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе.

Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді.

Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен?

Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды.

Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері.

Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді, – деп жазды ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар