Белгілі саясаттанушы, тарихшы Әзімбай Ғали соңғы күндері қоғамды алаңдатып отырған жағдайға байланысты өз ойымен бөлісті. Жер мәселесіне байланысты 21 мамыр күні бейбіт шеруге шығуды көздеген республиканың әр түкпіріндегі қоғамдық белсенділерді жергілікті билік тұтқындап, 15 күннен 2 ай мерзіміне дейін соттап жатыр. Саясаттанушы болса «Репрессия әлі басталған жоқ» дейді.
– «Шеру ұйымдастыруды мақсат тұтты, әлеуметтік желіде халықты заңсыз шеруге шығуға үгіттеді» деген себеппен 30-ға жуық адам сотталды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай жағдай болып па еді?
– Тәуелсіздік тұсында бірнеше дүркін ірі шеру өткенімен дәл мұндай оқиға болған жоқ. Кеңес одағы кезінде болды. Бұрынғыларына бармай-ақ, кейінгі екеуін айтайын.
1979 жылы 16 маусымда Целиноград (қазіргі Астана қаласы) тұрғындары Неміс автономиясын құруға қарсы Ленин алаңына бейбіт митингіге шықты. Негізі, автономия құру мәселесі жоспарланып, нақты шешімдер қабылданудың алдында тұр еді. Осы митингіден соң ол ойлары жүзеге аспай, партияның І хатшысы (облыстық) халық алдына шығып, Мәскеумен сөйлескенін, Неміс автономиясы құрылмайтынын мәлімдеген соң, халық тарап кеткен. Кейін осы іс бойынша аграрлық университеттің бір студенті оқудан шығып, артынан сырттай бөлімге ауысқан еді. Бұл империяның бір адамға болса да ескерту жасап, өзгелерге сабақ болсын дегені.
Бұдан соң 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде неше түрлі оқиға басымыздан өтті. Ірі көтеріліске сай жазалау да орасан зор болды.
Тәуелсіздік алғаннан бері қудалау, жазалау, қамау процестері жүргенімен, бүгінгідей ауқымды және халықтық сипат алмаған еді.
– Байқасаңыз, негізінен лидерсіз қарапайым жұртшылық толқып отыр. Және ұсталғандардың көбі беймәлім адамдар. Бұл нені көрсетеді?
– Дұрыс байқағансыз. Бутья жоқ, Жандосов жоқ, тіпті, Әблязов та жоқ. Әблязов пайдаланғысы келетін шығар, бірақ халықты бұл деңгейге жеткізген ол емес. Меніңше, халық оларға сенбейді. Өйткені, олар орыстілді ортаның тумалары. Саяси элитаның алғашқы топтағылары орысшыл болды. Олардың қаншама әрекетінен түк шықпауының негізгі себебі осы.
– Сыртқы күштің әсері бар, шеруге шыққандарға қаржылай көмек көрсетеді деген ақпарат тарап жүр ғой. Мұны қалай түсінуге болады?
– Сыртқы күштің әсері ежелден бар, ол бола да береді. Оның үстіне қазір ақпараттық заман. Қазақстан билігінен теперіш көріп, шетелге кеткен байлардың бос қарап жатпасы айдан анық.
Меніңше, бұл жолғы толқуға олар емес, халықтың өзі, талай жылдық ішкі қынжылыс себеп болып отыр. Біз осы тұжырымға селсоқ қарап, мәселенің негізін сырттан, басқа тараптан іздеп жүрміз.
– Халықтық сипат алған толқуға негізгі себеп болған аграрлық мәселе ме, әлде басқа да себеп-салдарлар бар ма?
– Көп адам мұның себебін аграрлық саладан іздеп отыр. Менің жеке пікірім бойынша, бұл аграрлық өзгеріске немесе коррупцияға қарсы бұлқыныс емес, таза ұлтшылдық революциясы. Мен мұны «Қазақ көктемі» деп атап отырмын. Қазақтың оянуы десек те болады, егер ары қарайғы сценарий жағымды сипатта өрбісе.
Халық бұған дейін де бірнеше толқулы кезді бастан кешті. 25 жыл бойы мемлекеттік тіл мәселесін тынбай көтеріп, баспасөзде айтып келеді. Қазақтың тұрмыстық ахуалының салыстырмалы түрде алғанда өзге этностардан төмен екені, қалалы жерлерде ең төменгі деңгейдегі жұмыстың көбін қазақ атқаратыны, билікке қойған талабының көбі еленбейтіні, өз билігіміз өз ұлтына жаны ашымайды деп ойлау етек алғаны, қысқасы, «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дейтін психологиялық айқай талай жылдық ішкі қарсылықтан кейін сыртқа шықты. Мұнда бірінші кезекте жер мәселесі, яки Қытай үрейі тұрған жоқ, ұлттық намыстың оянуы тұр.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде жер-жерде халық қарсылығы болғанымен, бүгінгідей сипат алған жоқ еді. Сол шақта Маңғыстауға көршілес Атырау халқы, яки Алматыдағы сол өңірлердің тумаларының ішіндегі беделді кісілер басу айтып, кейбірі шеруге шыққандарды айыптаған болатын. Бұл жолы, керісінше, географиялық бөлшектену болған жоқ. «Фэйсбукте» «Мен атыраулықпын» деген топ пайда болды. Оған барша өңірдің тумалары атсалысты. Атырау, Семей, Ақтөбе, Қызылорда, Алматы секілді қалаларда шерулер өтті. Бұдан шығатын қорытынды, бұл бұлқыныс ұлттық деңгейде жүріп жатыр.
– Мұндай ішкі қыстығуды билік басындағылар түсінбеді ме, әлде білсе де, «ештеңе болмайды» деген ойға ерік берді ме?
– Назарбаев билігі реформашылдығымен көзге түскенін, әу бастағы экономикалық өзгерістердің сәтті жүргенін мойындауға тиіспіз. Бірақ соның көбі орта жолдан үзілді. Институционалдық реформалар аяқсыз қалды. Экономикалық модернизациялардың көбі жалған дақпырттардың кесірінен іске асқан жоқ. Осындай күрделі мәселелер халық пен бұқараның, нақтырақ айтсақ, мемлекетті құраушы ұлт пен сол ұлттан шыққан саяси элитаның арасын алшақтатып жіберді. Бірін-бірі түсінбейтіндей деңгейге жетті десек те болады.
Қаншама жыл бойы мемлекеттік тіл туралы жиындар өтіп, шерулерге шығып, үндеулер жолданғанымен, мемлекеттік тілдің бүгінгі халі қуантарлықтай емес. Қазақ тілі заманауи ғылыми және ақпараттық үдеріске бәсекелесе алмай отыр. Билік халықтың тілегін орындап, ұлттық жаңғыртуды жүргізгісі келгенімен, оларынан жүйелі жұмыс көріп отырған жоқпыз. Ниет бар шығар, жөнін таппайды. Өйткені, жүйедегі кілтипан, атқарушы құрылымдардың ескіруі, кейбір заңнамалардың бірін-бірі жетелеуші емес, кері тартушы тұтқаға айналуы жұмыстың көбін жіпсіз байлап отыр. Осының бәрі халықты ашындыруға себеп. Естеріңізде болса, халық пен зиялы қауым кезінде ұлттық доктринаға қарсы да талап қойды. Ақыры, халық өз айтқан нұсқалары бойынша қабылдатқанымен, билік оны ешкімге қажетсіз құжат қалпында қалдырды. Қазір доктрина туралы айтылмайды да. Оны да бұқара іштей түсінеді. Демек, бізді елемейді, бізді түсінбейді, біздің болашағымызды ойламайды деген ойлардың өзі билікке кері реакция тудырушы күшке айналды деуге болады.
– Билік белсенділерді жаппай тұтқындап, едел-жедел аз мерзімге соттауы дұрыс па? Кері реакция одан ары үдемей ме?
– Репрессия әлі басталған жоқ. Мемлекет ол ойын келесі жүрістеріне сақтап отыр. Халық та шектен шыға қойған жоқ. Билік шерудің халықтық сипат алғандығын аңғарып, содан тіксініп отырғаны байқалады.
– Егер халық алған бетінен қайтпаса, билік пен халық арасындағы диалог тығырыққа тірелсе, ары қарай не болуы мүмкін?
– Мен өткен айда егер билік пен халық шынымен тупикке тіреліп, бірін бірі түсінбейтін деңгейге жетсе, онда қоғамдық өзгерістердің болуы мүмкін сценарийлері бойынша мынадай болжам жасаған едім.
Бірінші сценарий. Антипозитивтік көзқарас – билік құрылымы тұтастай ауысып, беймәлім топ билікке келеді. Олар мемлекетті қалай сақтап қаларын айтудың өзі қиын.
Екінші сценарий. Позитивтік көзқарас – жаңа билік пен халық ымыраға келіп, баяғы қалыпты бағытта алға жылжиды.
Үшінші сценарий. Реалды, болуы мүмкін сценарий – конструктивтік команда жасақталып, елдегі бейберекетсіздікті тежейді, саяси және экономикалық модернизация жүреді.
Төртіншісі – белгісіз сценарий. Мұнда нақты қандай оқиғалар болуын болжау қиын. Мемлекет хаосқа айналады. Бәрі қирайды, таққа талас, қаржыға талас, мүдделік топтар мен кландар арасындағы тартыс күшейеді.
Бұл сценарийдің бетін аулақ қылсын. Егер солай болса, онда төмендегідей бірнеше нұсқада өтуі мүмкін:
а) әскери және сарайлық төңкеріс болады; ә) ҰҚК мен чекистердің бірігуінен сарайлық төкеріс жүреді; б) азаматтық элита мен олигархтар бірігіп, билікке ешкім күтпеген адамдар келеді; в) аралас сарай төңкерісі жүреді, сарай ішіндегі мүдделестер мен олигархтар, азаматтық элита арасында талас-тартыс қызып, ықпалдылары жеңіске жетеді.
Егер шынымен де белгісіз сценарий жүзеге асар болса, онда Президент не істеуі мүмкін?
Жаңаөзен секілді қарсы күш қолданып, қан төгілуі мүмкін. Әйтпесе, көп кезеңдік революция жүріп, репрессия күшейеді немесе төңкеріс жасағысы келетін топтардың ең ықпалдысымен ымыраға келеді. Оның соңы немен аяқталатыны өте күңгірт.
– Дәл қазіргі ситуациядан қалай шығуға болады?
– Саяси және экономикалық модернизацияны қолға алып, қазақ халқының әлеуметтік және рухани түлеуін қамтамасыз ету керек. Соған нақты уәде әрі бірегей жоспар құрып, ертерек қолға алу қажет. Бүгін бір шеруді тиғаныңызбен, ертең тағы бір шеру шығады. Шерудің бәрі бейбіт түрде өтуі неғайбыл. Оған билік яки халық шыдамайды, бір күні әйтеуір бір дүмпу пайда болады. Қазақ қазақ болып қалғысы келетінін, оған ұлттық рух, тіл, дін мәселесі айрықша қажет екенін түсінуге тиіспіз. Ұлттық деңгейде жаңғыру жүргізетін жүйелі саясат қажет.
– Жерді сату дұрыс па?
– Жерді арзан бағада халыққа сатып берген жөн. Әділетті түрде. Шетелге жалға беруге болмайды, әсіресе, Қытай мен Ресейге.
– Сатар болса, ақшалылар ірі помещиктерге айналып жүрмей ме?
– Онсызда жерді ұзақ жылға жалға алған латифундистер бар. Мына бастама арқылы олардың қолындағы жерді қайтарып алып, бөліп сату керек. Байларға ғана жер сату помещиктерді заңдастыру болады. Оған жол берілмейді деп ойлаймын. Егер халық жерді сатып алуды өзінің кіріс көзі, ұрпағының болашағы деп ойлап, сатып алуға барынша ұмтылыс жасаса, одан ұтылмайды. Соған қам жасау керек.
– Мұны халық түсінбей отыр ма сонда?
– Халық билікке сенбай отыр. Жалға беруді мүлдем алып тастайтын болса және жерді әділетті түрде сату механизмін қарастырса, халыққа да, мемлекетке де пайдалы болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Т. ӨСКЕНБАЙ.