Азат рухтың алдаспандары

Dalanews 30 қар. 2017 12:16 803

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Алаш Орданың» 100 жылдығына орай Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Азат рухтың алдаспандары» атты ұлттық музыка кеші болып өтті.

Концерт Селезнев атындағы хареографиялық училищесі дайындаған «Тұран дала – Қыран дала» атты балеттік қойылыммен басталды. Сақтар, ғұндар, көне түрік дәуірінен басталатын ұлттық тарих өнер тілімен сахнада көрініс тапты. Оқу ордасының студенттері өте шебер орындаған балеттік шоу көрермен қауымды бей-жай қалдырмады. Балеттік шоуға 70-тен астам студенттер қатысты. Балеттік-шоудың қоюшы-режиссері – Анвара Садықова.

Бұдан кейін азаттық жолында құрбан болған, атылған, жер айдалған, абақтыға қамалған халық композиторларларының шығармалары, Тәуелсіздік рухындағы халық әндері мен күйлері сахнаға жол тартты.



Осыдан бір ғасыр бұрын Жаһанша Досмұхамедұлы: «біздің ендігі мақсатымыз – халқымызға шын мәнінде тәуелсіздік, еркіндік алу. Жерімізге, суымызға, жер асты байлығымызға өзіміз қожа болуымызды көксейміз», – деп армандағанды. Сол асыл арманға қолымыз жеткен тұста, оның жолында жанын қиған, өзі атылып кетсе де сөзі мен өнегелі ісі, аманаты мен арманы қалған тұлғалар рухына тағзым ету – біздің парызымыз. Сәкен Сейфулиннің «Бабаларыма» атты әнін сонау Жезқазған қаласынан келген Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі, Жүсіпбек Елебековтың жалғыз көзі тірі шәкірті Ғалым Мұхамедин шебер орындап, әсем әннің көшін бастап берді.

«Туған ауылын, жерін сүймеген адам ұлтшыл да бола алмайды», – деп бағамдайды Жүсіпбек Аймауытов. Ондай ыстық сезімді Үкілі Ыбырайдың әнінен байқауға болады. Үкілі Ыбырайдың әні «Елді сағынғанда» айдауда, қуғында жүргенде туған болатын. Міржақып Дулатовтың Алаш әскерін рухтандыруды, жігерлендіруді мақсат тұтып, ұран ретінде шығарған «Алаш маршы» деген әні бар. Осы қос әнді белгілі қазақ өнерінің жұлдызы Жоламан Құжиманов тамаша орындап ел ықыласына бөленді.

Ұлт жолындағы күресте белді бекем буған күрескер, балуан, саятшы, сан қырлы өнер иесі Иманжүсіп еді. Осы Иманжүсіптің күрескерлік әндері Алаш қайраткерлеріне рух беріп отырғаны аян. Сондай асқақ әндердің бірі – Иманжүсіптің әні «Сарымойын». Бұл ән арқалы әнші, белгілі өнертанушы

Ерлан Төлеутайдың орындауында дүйім жұртты дүр сілкіндіріп жіберді. Ерлан Төлеутайдың әртістік шеберлікпен әннің табиғатын ашып, құбылтып, құйқылжытып орындайтындығын көзі қарақты тыңдарма қауым жақсы біледі.

Ұлт жолында құрбан болған боздақтардың бірі – Қапез Байабылұлы. Қазақ хылқының басынан кешкен тарихты Қапез де өз басынан кешті. Қапез тумысынан елшіл, халықшыл болғандықтан оның басынан кешкеннің бәрі қазақтың тарихымен байланысты. Ел ісіне ертерек араласқан ол қара бастың қамымен ғұмыр кешпеген. Ол 1916 жылығы геноцидке, сталиндік-голощекиндік кезедерге қарсы тұрды. Осындай қарсылықты білдірген Қапез 1937 жылы «халық жауы» деген жалған жаламен итжеккенге айдалып, оралмайды. Ухта қаласында қаза табады. Ол өзінің артында өлместей қылып мұра қалдырады. Қапез салдың «Қоштасу» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев қалықтаған қоңыр дауысымен жоғары дәрежеде шырқап шықты.

Өзге халықтармен салыстыра қарағанда қазақ халқында «Туған жер» тақырыбында шыққан әндер өте көп. Бұл халқымыздың туған жерге деген ерекше ықыласын, құрметін білдірсе керек. Бірде Ғ.Құрманғалиев «Менің отаным әлемге танылған ел, оны алғаш қазақтың әсем әнімен танытқан әнші Әміре Қашаубаев болатын. Әміреден кейін өзімізде алыс-жақын шет елдерге гастрольдік сапарларда жүріп отанымызды мақтан етіп әніме қосатынмын. Осындай көкірегімдегі мақтаныштан шыққан әнім «Сәлем» еді» дейді әнші. Ғ.Құрманғалиевтың «Сәлем» әнін сырлы әнші Эльза Карабалина әсерлі орындап көрермен қауымның қошаметіне бөленді.



Алаш арыстарының ұлт болашағы, ел тәуелсіздігі жолында көрмеген қорлығы, тартпаған азабы жоқ. Сонда да бас имей, еңкеймей ерлік жырын жырлады. Мағжанның бастан кешкен қасіретін жырлайтын «Абақтыда Айдан, Күннен жаңылдым» әнін Жасұлан Сақаев жоғары деңгейде орындап, бір ғана Мағжанның емес, барлық боздақтардың тағдырын көз алдымызға елестеткендей болды. Қай кезде болмасын Алаш қайраткерлеріне деген құрмет жоғары болмақ, осындай құрметтен туындаған тамаша ән «Мағжанның махаббаты» деп аталады. Өлеңін жазған Ибрагим Исаев, әні Ақтоты Райымқұлованікі. «Мағжанның махаббатын» әнші Ерлан Құжиманов өте сәтті орындап шықты.

Көшпелі өмір аясында қалыптасып, хандық дәуірде айрықша дамыған мәдениет саласы — жыраулық өнер. Оның басты репертуары — көлемді жыр (эпос), толғау, терме жанрлары. Жыраулық кәсіп — синкреттік құбылыс: әрі өнер, әрі дәстүр. Оның негізгі ерекшелігі — поэзия, музыка және орындаушылық шеберліктің бірлігінде. Жыраулық дәстүрдің өмір шеңдігі оның ел тарихы мен ата — баба тағылымына негізделуімен айқындалады. Батырлықты паш ететін, ел қорғау идеясына құрылған қаһармандық жырлар соның жарқын дәлелі. Наурызбек жыраудың «Жасымнан-ақ көп көрдім» атты жырын жас жыршы Күнқожа Қайруллаев сәтті орындап шықты. Ал Сыпыра жыраудың термесін орындайтын жас әнші Венера Қаржаубаева бабына келтіре айтып, ел назарын өзіне аудара білді.

1916 жылғы Ақ патшаға қарсы ұлт-азаттық көтерілістің тарихынан сыр шертетін әйгілі әнді тыңдаған жан сол заманға өтіп кеткендей күй кешеді. Замана сырын сипаттайтын әннің бірі – «Самалтау». Талғат Әбуғазының орындауында халық әні «Самалтау» өнерсүйер қайымды тебірентпей қоймады.

Пішән жөнінде халық арасында аңыз, әңгімелер бұрыннан айтылып жүрсе де, кеңестік саясатқа қарсы шыққан адам ретінде мұралары елеусіз, ескерусіз қалған. Оған себеп сол уақыттағы ұстанған саясат. Пішәннің ең танымао әндерінің бірі «Ғайшаға» әнін сыршыл да талғампаз өнер иесі Тілеулес Құрманғалиев ғажап орындап, ел қошаметіне бөленді.

Қызыл империяның қолдан ұйымдастырылған аштығында отбасынан тұтас айрылған Әбікен күйшінің қайғысын ешкімге бермесін деп тілейік. Қара басының емес, ел-жұртының тағдыры күй болып төгілген қара домбыраның шаңағынан төгілген екен. Бұл күйді алаштықтардың жоқтауы дерсіз тіпті. Алашқа аты шыққан Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін саусағынан бал тамған тамаша күйші Мұрат Әбуғазы тыңдарман қауымды қоңыр әлемге саяхат жасатып, күмбірлеген күйдің мұңлы иігімдеріне шомып тастады.

Қазақтың ақтаңгер ақыны, тамаша сазгер, ұлттық дәстүрлі өлең-жырлардың, қиссалардың үздік орындаушысы, дала сахнасындағы ат ойыны, ауызекі әзіл мен ептілік өнерінің ғажап шебері Тайжан Қалмағамбетовті халық қадірлеп, «ақын Тайжан» деп атап кеткен. Сарыарқаның дүлділі, Ұлытаудың бұлбұлы Қарсақпайдың ақыны Тайжанның ерекше дәуірлеген кезі 1934 жылдан басталады, сол жылы республикалық көркемөнерпаздар құрылтайына, 1936 жылы Қазақстан өнерінің Мәскеуде өткен онкүндік әдебиет пен мәдениет фестиваль байқауларында өнер көрсеткен. Бұл сапардан Тайжан Қалмағамбетов шығармашылық шабытпен оралды. «Заманың түлкі болса, қыран боп шал» дегендей, өз заманының қыраны бола білген ақын Тайжан 1937 жылы қуғын-сүргінге ілігіп қазақ ұлтының ақиқатшыл алдыңғы қатарлы зиялысы болғандығы үшін зиян тауып, түрмеге қамалып, нақақтан атылып кетті. Қуғын-сүргін кездерінде шығарған әндерінің бірі – «Ұлытау». Осынау Тайжан Қалмағамбетовтың «Ұлытау» әнін талантты әнші Амангелді Күзеубай жоғары деңгейде шырқап, қалың жұртшылықты тәнті етті.

Қазақтың ақмаңдай әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман Р.Елебаевтың «Жас қазақ» әнін тамаша айтып, елді тебірентсе, Қосым Аманжоловтың «Өзім туралы» әнін Санат Исаев шыңына жеткізіп шарықтата орындады.

Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаеваның орындауында Ахмет Байтұрсынұлы тапқан халық әні «Аққұм», күміс көмей әнші Нұржан Жанейісовтың орындауында Дәнеш Рақышевтың әні «Туған ел», Тарбағатайдан арнайы келген жас әнші Еламан Құжимановтың орындауында Т.Рахимовтың әні «Тәуелсіздік жыры» тәрізді шығармалар елді бей-жай қалдырмады.

Концерттік «Арнау» этно-фольклорлық оркестрінің орындауында «Қазақ елі» композициясымен түйнделді.

Арман СЕРІКҰЛЫ


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар