Азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, көліктерді шетелге сатқан қылмыстық топ ұсталды

Сағыныш Сардарова 23 қаң. 2026 15:21

ІІМ автонесиелеудің қылмыстық схемасын әшкереледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

19 қаңтарда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы, Шымкент қалаларында, сондай-ақ, Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін көліктерді шетелге шығарып отырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты.

"Күдіктілер қысым көрсету және қорқыту арқылы қорғансыз азаматтарды өз атына автонесие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Төлем қабілеттілігі бар деген жалған көрсеткіш қалыптастыру мақсатында күдіктілер азаматтардың банк шоттарын уақытша толықтырып, олардың кредит тарихын жасанды түрде жақсартқан. Күдіктілер жалған құжаттарды пайдалана отырып, көліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан несие алған. Осыдан соң қымбат көліктер шетелде сатылған", - деп жазылған хабарламада.

Қазір осындай 15 дерек анықталып, өзге де эпизодтар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Тінту іс-шаралары барысында бірнеше атыс және суық қару, оқ-дәрілер, қылмыстық әрекеттерді растайтын құжаттар тәркіленген.

"Негізгі 6 күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove