"Азаматтар бір-бірін "мына тілде сөйле" деп мәжбүрлемеуге тиіс" - Тоқаев

Сағыныш Сардарова 24 сәу. 2025 16:00 3930

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясына қатысты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсыратынын айтты.

"Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды "мына тілде сөйле" деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктив әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз. Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады", - деді Президент.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар