Қазақстанда Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясы ұшағының апатына қатысты техникалық тергеу қорытындысы алдағы бірнеше айда жарияланады, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы Үкімет кулуарында вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, тергеу халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуде және барлық техникалық деректер арнайы комиссияның қорытынды есебінде көрсетіледі.
«Халықаралық талаптарға сәйкес, жақын айларда Қазақстан техникалық қорытындыны ұсынуы тиіс. Ұшақтың неге құлағаны, қандай факторлар әсер еткені – барлығы ресми баяндамада қамтылады», – деді Бозымбаев.
Вице-премьердің сөзінше, қажетті барлық сараптамалар алынған. Атап айтқанда, навигациялық жүйелер, GPS-трекерлер және әуе кемесін өндіруші тараптардың қорытындылары дайын.
Қазіргі таңда нәтижелер арнайы комиссия мүшелерімен келісіліп жатыр. Комиссия құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Ресей сарапшылары, сондай-ақ Embraer компаниясы мен халықаралық ұйым өкілдері кірген.
Қорытынды есеп ресми түрде жарияланғаннан кейін апаттың нақты себептері белгілі болады.
