Бұл туралы Dalanews.kz “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Елдегі 100-ге тарта мектепте әлі күнге дейін жайлы, жылы дәретхана жоқ. Мәселені бірінші қыркүйекке дейін реттейміз деген Аймағамбетовтың тапсырмасы орындалмай қалған.
Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы №48 мектептің оқушылары ақпараттық-технологиялық ғасырда даладағы дәретханаға баруға мәжбүр. Алайда білім мекемесінің басшысы мектептің ішіне әжетхана орнатылған және балаларға сонда баруға болады дейді.
Ал Түркістан облысында 38 мектептің ішкі әжетханасы жоқ. Айталық жаңадан құрылған Сауран ауданындағы 6 мектепті айтпағанда, осы проблема облыс орталығы Түркістан қаласының 7 мектебінде де бар.
Мамандар облыстағы қырыққа жуық білім ошағының жайы қыркүйектің аяғында шешіледі деп сендірді. Ал Жетісайдағы мына мектепте де оқушылар сырттағы әжетханаға барып жүр.
“Келісімшарт бойынша осы аптаның соңына, он екісіне жоспарланған. Енді сатып алу порталы әр кезде жүргізілді. Бірақ келісімшарттың мерзімі әртүрлі болғандықтан осы аптаның соңына дейін мердігер мекемелер бітіреміз деп айтып жатыр”, – дейді Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Асқар Тәтеев.
Білім министрінің уәдесі әзірге қашан орындалары белгісіз. Сондықтан ауыл балаларына қыстың көзі қырауда сырттағы әжетхананы пайдалануға тура келетін сыңайлы.
https://www.youtube.com/watch?v=KjLtUQAt-QQ&list=PLn2OyECVOtB_7pOm_4Nr87VWhUgPYy7gg&index=12