Айтбек Амангелді Ертісбаевтың ресми түрде кешірім сұрауын талап етті

Көркем Алдабергенова 13 мау. 2024 12:45 49072

Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді саясаткер Ермұхамет Ертісбаевтан ресми түрде кешірім сұрауын талап етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Әңгіме Айтбек Амангелдіге қатысты "қозғалған қылмыстық іс" туралы болмақ. Ермұхамет  Ертісбаев youtube-арнасында Айтбек Амангелдіге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтқан болатын. 

"Сіздер үшін сенсация емес шығар, бірақ Ертісбаев - өтірікші. Маған қатысты "жалған ақпарат таратқаным үшін қылмыстық іс қозғалғаны туралы" мәлімдемесін көрген боларсыздар. Мен ІІМ және Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне жүгініп, маған қатысты қозғалған қылмыстық істер туралы ақпарат берулерін сұрадым. Жалпы бұл іс бойынша процессуалды мәртебе бар-жоғын білгім келді. 10.06.2024 жылғы жағдай бойынша "арнайы есепке алу" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес маған қатысты қылмыстық іс жоқ болып шықты. Егер Ертісбаевтың айтқаны рас болса, мені кем дегенде жауап алуға шақыртар еді", - дейді Айтбек Амангелді. 

Айтбек Амангелді Ертісбаев айтқан ақпараттарды теріске шығарып, ресми түрде кешірім сұрауын талап етті. 

"Егер олай істемесе оның іс-әрекеттеріне қатысты ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау туралы талап арыз жіберіледі. Сонымен қатар, полицияға арыз жазамын. Қосымша моральдық өтемақы өндіріп аламын. Жалпы Ертісбаевтан 24 сағаттың ішінде жауап күтемін", - деді Айтбек Амангелді.

Еске салайық, бұған дейін Ермұхамет Ертісбаев Бишімбаев ісі бойынша алқа билерге 200 миллион теңге пара бермек болған әйел ұсталғанын айтқан болатын. 

Ертісбаевтың сөзінше, ұсталған әйел Айтбек Амангелдінің сұхбаттарының бірінде сөз болған. Айтбек Амангелді айтып отырған әйел былтыр қазанда Бишімбаев бала қағып өлтіргенін айтқан.

Ертісбаев бұл жалған ақпарат екенін, ІІМ бұл ақпаратты ресми жоққа шығарғанын айтады.
Ал ұсталған әйел Бишімбаевтың үйіне дейін келген көрінеді. Бишімбаевтар Антикорға арыз жазған. Антикор ол әйелді ұстаған.

«Менің дереккөздерімнің мәліметінше, ұсталған әйел тергеуде ешқандай ақпарат бермей, оның артында дөкейлер тұрғанын айтады. Сондықтан Бишімбаевқа қатысты сот әлі аяқталған жоқ. Алда әлі күтпеген жайттар болады. Егер ол ақша соттың шешіміне әсер етуге арналған болса алқабилердің шешіміне күмән келуі мүмкін. Бұл тек болжам. Антикордың бұл іс бойынша ресми жауабын күту керек», - дейді Ертісбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар