Білім министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, жоғары оқу орнында профилактикалық бақылау жүргізілген. Нәтижесінде тексеру парағының 46 тармағынан 39 тармағы бойынша заңбұзушылық анықталған.
Университетке оларды жоюға уақыт берілді, бірақ жоғары оқу орны білім беру қызметінің сапасын жақсарту үшін қажетті жұмыс жүргізбеген.
"Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде білім беру сапасын қамтамасыз етудің ішкі жүйесі қалыптаспаған. Білім беру бағдарламаларын, жеке оқу жоспарларын талдау белгілі бір пәндер бойынша кредиттерді игеруде үлкен айырмашылықтарды көрсетті. Тиісінше, білім алушылар пәндерді толық көлемде меңгермейді. Оқыту нәтижелері бойынша студенттердің 90%-і шекті деңгейден өте алмады", – деді БҒМ білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің басқарма басшысы Эльвира Сапарбекова.
Айтуынша, оқу процесінде тіпті ең төменгі белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін ескірген компьютерлер қолданылған.
Бейіндік магистратура түлегіне ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесін беру бойынша да заңбұзушылықтар анықталды. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен бір жылдық магистратура түлегіне екі жылдық магистр дәрежесі берілген.
Комитет анықталған заңбұзушылықтарға байланысты Шет тілдер және іскерлік карьера университеті лицензиясының қолданылуын тоқтатты. Бұдан әрі бас лицензиядан айыру және жоғары оқу орнын жабу бойынша жұмыс жүргізіледі.
Заңнамаға сәйкес, лицензияның күші тоқтатылған жағдайда, студенттер басқа жоғары оқу орындарына ауыса алады. Министрлік талапкерлерден жоғары оқу орындарын таңдауға жауапкершілікпен қарауды сұрады.
Айта кетелік, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сапасыз университеттер жабылады деп мәлімдеген.
Ведомство басшысының айтуынша, жоғары оқу орындарына ерекше талап қойылады. Университеттерде сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелсе, кадр дайындау лицензиясынан айырылады.
"Жоғары білімнің сапасын арттыру үшін педагогтарды, дәрігерлерді, заңгерлер мен сәулетшілерді даярлайтын университеттерге ерекше білік талабын енгіземіз. Бұған қоса академиялық адалдықты бұзғаны және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін лицензиядан айыруға дейін жауапкершілік нормативтік құқықтарға бекітуді дайындадық. Сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жұмысын ары қарай жалғастырамыз", – деген еді министр Үкімет отырысында.