Ақпаратты Мәдениет және спорт министрлігі растады.
Осының алдында қаламгер Смағұл Елубай Facebook парақшасында Нарымбетовтің асқазанындағы ескі жарасы сыр беріп, ауруханаға түскенін жазған еді.
Сатыбалды Нарымбетов 1946 жылы 7 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Ащысай ауылында туған. Белгілі режиссер, кинодраматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жорж Садуль атындағы сыйлығының және тәуелсіз "Тарлан" жүлдесінің иегері.
КазГУ-дің филология факультетінде үш курс оқып, 1965 жылы С.Нарымбетов Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының сценарий факультетіне оқуға түседі. 1974 жылы қысқаметражды "Очарование" фильмін түсірген соң, бірнеше жылдан кейін "Балалық шағымның Дон Кихоты" алғашқы толықметражды фильмін жарыққа шығарады. 1984 жылы жоғарғы режиссерлік курсты Георгий Данелияның шеберханасы бойынша тамамдайды.
Сонымен қатар Сатыбалды Нарымбетов көптеген толықметражды көркем және деректі фильмдер түсіріп, оннан астам фильмдерге сценарий жазған, бірнеше әңгімелер жинағының авторы.
Режиссердің "Жас аккордеоншының өмірбаяны" туындысы қазақ киносының алтын қорына еніп, ҚР Мемлекеттік сыйлығына ие болғанкөптеген халықаралық фестивальдердің жүлдегері болған ең айтулы фильм.
Марапаттары:
- Анапа қаласында өткен 3ші Бүкілресейлік "Кино-Шок" кинофистивальінің жүлдегері;
- 1995 жылы Францияның Анже қаласында өткен Халықаралық кинофистивальінің қазылар алақасының құрметті грамотасының иегері;
- Фрацуз кино өнері академиясының "Жорж Сэдуль" атындағы құрметті сыйлығының иегері;
- 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;
- 1996 жылы президент жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат "Құрмет ордені" берілді.
- 2000 жылы Тәуелсіз "Платинды Тарлан" сыйлығының иегері.
- 2005 жылы президент жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері құрметті атағымен марапатталды.
- 2011 жылы "Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл" медалі;
- 2016 жылы "Қазақстан тәуелсіздігініе 25 жыл" медалі.