Әйелін ұрып-соққан қазақстандық дипломат соттың шешіміне қарсылық білдіруге тырысты

Көркем Алдабергенова 04 шіл. 2024 09:55 3633

Қазақстандық дипломат Сәкен Мамаш соттың шешіміне қарсы шығуға тырысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сәкен Мамаш апелляциялық арызды 3 шілдеде жазған. Арыз сол күні-ақ қаралған. Дипломаттың қорғаушылары оның кінәсі дәлелденбегенін айтады. Олар бұл жайт Абу-дабиде болғанын, сондықтан Қазақстанның құзыретіне жатпайтынын айтқан. 

Алайда сот апелляциялық арызды қанағаттандырмады. 

"Апелляциялық саты сот актісіне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін құқықтық негіз таба алмады. Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымдарды қанағаттандырмай қалдыруға қаулы етеміз", делінген хабарламада.

Айта кетейік, 28 маусымда сот Сәкен Мамашты әйелі мен оның әпкесін ұрғаны үшін 15 тәулікке қамауға алған болатын. 

Дипломаттың әйелі Карина Мамаш 5 мамырда оның күйеуі әпкесі екеуін ұрып тастағанын айтқан болатын. Артынша Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі дипломатты елге әкелді. 

9 мамырда Карина Мамаш Қазақстанға оралып, балаларымен дағдарыс орталығына орналасқан. Ал әйелін бірнеше жыл бойы азаптады деген Сәкен Мамаш жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар