Әйелін соққыға жығып, мүгедек еткен ер адам өтемақы төлеуден бас тартып, сотқа шағым түсірді

Көркем Алдабергенова 22 шіл. 2025 11:24

Астана қалалық сотына тұрмыстық зорлық-зомбылық ісі бойынша сотталған азаматтың апелляциялық шағымы келіп түсті. Бұл туралы жәбірленушінің адвокаты Жанна Мұхамади Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, екі баланың анасы, дәрігер Алтынай Нұрсолтанова бұрынғы күйеуі Әсет Аюповтың соққысынан ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған. Оқиға 2022 жылдың наурызында болған.

"Сол түні бірнеше минут ішінде ол Алтынайды мүгедек қылған. Оның беті біржола бұзылды. Алтынай еңбекке жарамсыз болып, мүгедек болып қалды, көру қабілетінен айырылды. Бет, мұрын және көз сүйектері сынған", – деп жазды қорғаушы.

Медициналық қорытындыға сәйкес, жәбірленуші басынан ауыр жарақат алып, миы шайқалған. Сараптама бұл жағдайды ауыр дене жарақаты деп бағалаған.

Сот Аюповты 6 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ, адвокаттың айтуынша, ол қазір жазасын жеңілдету, шартты түрде босау немесе түрме жағдайын жұмсарту туралы өтініштерін белсенді түрде беріп жатыр.

"Бір тамшы да өкініш жоқ!", – дейді Жанна Мұхамади.

Қорғаушының сөзіне қарағанда, сотталған адамның туыстары – әкесі мен ағасы жәбірленушінің соңынан қалмай, мазасын алған. Осыған байланысты оларға қорғау нұсқамасы берілген.

2024 жылдың қазан айында Алтынай Оңтүстік Кореяда 8 сағатқа созылған төртінші қалпына келтіру отасын жасатқан. Алда тағы бірнеше операция жоспарланған, оның ішінде көру қабілетін қалпына келтіру де бар. Әйел бұрынғы күйеуінен емделуге кеткен шығынды өтеуді сот арқылы талап еткен. Сот оның талабын ішінара қанағаттандырған.

Алайда, Жанна Мұхамадидің жазуынша, Аюпов бұл шешіммен келіспей, апелляцияға шағым түсірген. Шағымында ол бұрынғы әйелі "пластикалық оталар" үшін ақша өндіруге тырысып жатыр деп көрсеткен.

"Бұл қандай арсыздық? Алтынай әлі 30-ға енді келген. Егер оны соққыға жығуды жөн көрген күйеуі болмағанда, оған ешқандай операция қажет болмас еді", – деп жазды адвокат.

Жанна Мұхамади қалалық соттың бұрынғы шешімді өзгеріссіз қалдырып, клиентінің операцияға дайындалу үшін өтемақыны толық алуына үміт артатынын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар