Әзір елімізде "Әйелді аяла" акциясы өтіп жатыр. Осы акцияға әйелдер тақырыбын терең зерттеп жүрген, әлі бұл турасында бірнеше кітаптың тұсауын кескен Ләйлә Сұлтанқызы қатысуда.
Сұлтанқызының айтуынша, елімізде әр 8-ші әйел зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен.
Үй-ішіндегі зорлық-зомбылықтан 400-ге жуық әйел көз жұмады.
Бұл тек жылына ғана...
Ендеше әйелді аялап жүрміз бе? Аялап жүргеніміздің түрі осы ма?...
Күні кеше ғана әйелдердің зейнеттік жасын ұлғайтып, оларға деген өз «құрметімізді» көрсеттік. Парламент пен биліктегі жайлы орындарға жайғасқан ханымдар мен айымдарға ұзақ уақыт еңбек еткен ұнайтын да шығар.
Ал ғұмыр бойы бала оқытып, жүйкесін жүн қылған ауылдағы мұғалімдеріміз үшін «құрметті демалыс» қуып жеткізбейтін арманға айналып бара жатқандай. Дәрігерлерге де қаратып осы мәселені айтуға болады.
Қыста азынаған, жазда шыжыған жабайы базарларда жұмыс істейтін ана-әпкелеріміздің жағдайы еске түссе, отыра қалып еңкілдеп жылағың келеді.
Басқаны қайдам, өз басым биліктің биік мінбесінен айтылатын гендерлік саясат пен әйелге деген құрметті базарлардан мүлде байқаған емеспіз.
Бүгінде елімізде Қазақстан iскер әйелдерi қауымдастығы деген атағы дүрдей қоғамдық ұйым бар. Президентi Раушан Сәрсембаева.
Сол кісі: «Қазақстандағы әрбiр екiншi кәсiпкер – әйелдер» деп статистикасын алға тартып әңгіме айтқанда, нәзік жандылардың бәрі бизнес-леди болып кетті ме деп қуанып қаласың.
Бірақ Сәрсембаеваның аузынан шыққан осынау бір жалпақ статистикаға күйеуі атына жазып қойған ірі кәсіпорындарды тізгіндеп жүрген ханымдар мен ақ қар, көк мұзда қытайдың арзан тауарын саудалап күнелтіп жүрген саудагер әйелдердің де бар екенін байқайсың. Олардың бәрі Қазақстан iскер әйелдерi қауымдастығы ұйымының толыққанды мүшесі болуға лайық.
Соңғы жылдары еліміздегі талай базар отқа оранып, талай әйел-азаматтар жылдар бойы жиған-терген дүниесінен бір күнде айырылып, қайғыдан қан жұтқанын көзіміз көрді.
Сол кезде Раушан апайды жергілікті билік орындарына базынасын айтып, көз жасын төккен аналар арасына барып, нәзік жандылардың сойылын соққан Қазақстан iскер әйелдерi қауымдастығы президентін көрген жоқпыз.
Сонда қалай, базар жағалаған аналарымыз Қазақстанның iскер әйелдерi қатарына жатпай ма? Ал Раушан ханым болса «Қазақстандағы әрбiр екiншi кәсiпкер – әйелдер» деп жарқылдап сөйлегенде естен танамыз. Шамасы Сәрсембаева ханым vip-бизнес-ледилермен ғана жұмыс істегенді жөн санайтын сияқты.
Базардың қожайындары, оның айналасындағы делдалдар, қадағалаушы орган қызметкерлері –бәрі-бәрі әйелдердің арқасында күн көруде.
Базардың шетіне келіп бір дорба шекілдеуігін, болмаса көкөнісін саудалаған әйелдің соңында учаскелік полицей, өрт сөндіруші, СЭС қызметкері өріп жүреді. Бәрі заң талаптарын алға тартып, «бірдеме» дәмететінін білеміз. Айтыңызшы, бұл құдайшылыққа жата ма?
Жолымыз түсіп осыдан біршама уақыт бұрын Вьетнамға барып қайттық. 9 миллион халық тұратын ел астанасы Ханойдың көшелерін асханаға айналдырған аналардан аяқ алып жүре алмайсың. Бәрі қазан-ошағын жайып, сорпа-суын пұлдап ақша тауып отыр. Соңына түсіп, кәсібіне кедергі келтірген бірде-бір қадағалаушы органның қызметкерлерін көрмедік. Бизнеске жасаған жағдай деп осыны айтуға болатын шығар?
Ал бізде ала дорбасын арқалған әр ананың соңында бір-екі сақшы жүреді. Бұдан кейін әйел-ананы құрметтейміз деп қалай әңгіме айтуға болады?
Өкінішке орай, мұндайда түк байқамай қаламыз. Әйелді аялау базардағы саудагердің жанайқайына назар аударудан басталатын шығар...
Нұрлан ЖҰМАХАН