Әйел жаны нені қалайды?

Dalanews 26 мау. 2017 05:21 1019

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Индира Бобро-Бадамбаева студиясы шәкірттерінің «Әйел жаны нені қалайды?» атты көрмесі ашылды.

Индира Бобро-Бадамбаева – суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, «Д'Алматинцы» романының бірлескен авторы, кескіндеме өнері бойынша магистр және оқытушы.

Көрмені алғашқы болып ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Бейбітқали Смағұлұлы Қақабаев барша жиналған қауымды ашылған көрмемен құттықтап, ізгі-тілектерін білдірді.

Суретші бірнеше рет Алматы қаласында, оның ішінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінде өзінің жеке көрмелерін өткізіп келеді. Соңғы екі жыл ішінде Индира өзінің студиясын ашып, бейнелеу өнері бойынша жеке авторлық бағдарламасы аясында оқушыларды көркемдік шеберлікке тәрбиелеп, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Оның оқыту бағдарламасы ерекше. «Неге?» десеңіз, практикалық сабақтар өнер жайлы дәрістермен ұтымды үйлесімін тауып, оқушылардың өнер әлемінің тұңғиығына енуіне әсер етеді. Оқыту барысында шәкірттердің кескіндеме шеберліктерін шыңдауға бағытталған пленэрлерге шығу, адам анатомиясымен таныстырып, бояу сырын ашу сияқты мәселелері бойынша дәріс беріледі. Қазіргі уақытта студия шеберханасында негізінен  әйелдер қауымы дәріс алып жүр. Студия шәкірттері аз уақытта тәжірибелі кәсіби суретші деңгейінде білім алады.

«Әйел жаны нені қалайды?» атты көрмеде Индира Бобро-Бадамбаеваның ғарыш балериналары сериясы, гүлдер натюрморттары, ғажайып әйелдер портреттері сынды туындылары қойылған. Сонымен қатар, оның шәкірттері Ирина Попова, Тамара Ли, Нелли Киливник, Наталья Гурина, Светлана Трошина, Людмила Кан, Әсел Айтқожиналардың қала, тау, теңіз және ауыл пейзаждары, гүл натюрморттары және голландиялық стильдегі натюрморттар, жанрлық композициялар, танымал суретшілердің көшірмелері, майлы кескіндеме және акварель техникасында орындалған 70-тен астам жұмыстары келушілер назарына ұсынылды.

Индира бірегей  таланты мен қоса кәсіби шеберлігімен көрерменнің бойын билеп алады. Индира Бобро-Бадамбаева өзінің дербес көрмелерін өткізіп жүр. Суретшінің картиналары Алматыда, еліміздің жеке коллекцияларында және алыс шет елдердегі жеке жинақтарға енген. Осы жылы суретші бірнеше перфоманстар мен шеберлік сабақтарды сәтті өткізді.

 Көрме 2017 жылдың 15 маусымына дейін жалғасады.

 Назира Жексенбекова,


Гүлмайра Ахатова,


ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қызметкерлері


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар