Жетісудың жауһары-Алакөл туралы естімеген жан жоқ шығар, сірә?!.
Алакөл ауданының табиғи-рекреациялық жағдайлары мен мәдени-тарихи мұрасы туризмнің экологиялық, танымдық және емдеу-сауықтыру түрлерін дамытуға мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылдың соңғы алты айында Алакөлге 239717 адам келген. Оларға 1млрд. 421млн. теңгенің қызметі көрсетілген.
Көптеген адамдар Алакөлдің емдік суларына шомылу үшін ғана емес, сондай-ақ тартымды және ұмытылмас демалысты ұйымдастыру үшін де ағылады. Айта кету керек, жылдан жылға көлдің бойында сервистік қызмет көрсету деңгейі де артып келеді.
- Осыдан бірер жылдар бұрын Алакөлге келгенімде жағдай басқаша болған еді. Ал, қазір барлығы адам танымастай жаңаша өзгерістермен құлпырып кетіпті. Отандық туризмнің дамығаны соншалық, кішкентай ауылда барлық жағдай жасалынған. Шипалы суымен, тұзды қасиетімен көпке танымал Алакөл көлінің бүгінде жаңарып, жаңғырып жатқаның көру әрине қуаныш сезімін ұялатады. Бастысы бұл жерде демалушыларға қолайлы жағдайлар жақсы қарастырылған. Мәселен, көл жағалауында киім ауыстыратын арнайы орындар мен заманауи үлгідегі дәретханалар, ең маңыздасы әртүрлі қолжетімді бағадағы демалыс орындары басты назарға алынған екен. Жалпы біз сияқты жастар мен орта буын аға-әпкелерімізге демалуға таптырмас орынның бірі екендігіне көзім жетті.- деді, демалушы, турист Аяулым Шалқарқызы.
Ауданды абаттандыру және туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында түрлі жұмыстар жүргізілуде, атап айтқанда, ескі асфальт жабынын ауыстырып, жаңа жол төсемін төсеу, көпірлерді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жол 2022 жылдың 31 желтоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 2020 жылдан бастап көлдің жағасында орталық кәріз жүйелері бойынша құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде, олар осы жылдың соңында аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар, 2019 жылы Алакөл көлінің жағасында модульдік дәретханаларды орнату үшін 33 млн.теңгеден астам қаражат бөлінді, бұл қаражатқа 11 дәретхана орнатылды. Оның 9-ы Ақши, қалған 2-уі Көктұма ауылында. 2020 жылы қосымша 5 көше дәретханасы орнатылды.
Дегенмен, эпидемиологиялық жағдайға байланысты шектеу шаралары, карантин әлі де бар. Осыған байланысты, өңірде коронавирустың алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі таңда Covid - 19-бен күресудің ең тиімді әдісі-вакцинация.
Медицина мамандарының айтуынша, жыл басынан Алакөл ауданына 37 мың вакцина келіп түскен. Ол "Hayat-Vax», «CoronaVac», «QazVac», "Спутник-V". Өңірде 7 жылжымалы және 18 тұрақты егу пунктері жұмыс жасайды.
Екпенің бірінші бөлігін алакөлдік 19 мың адам салдырған. Ал екінші компонентін 12 мың адам алған.