ҚР Премьер-Министрінің орынбасары- Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева киножобалар конкурсы басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сапалы және рухани тәрбиелік мәні бар кино жасау туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан жыл сайынғы киножобалар конкурсы бүгін басталды”-деді ол.
Аида Балаеваның айтуынша, іріктеудің басым тақырыптары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сайтында жарияланды. Биыл туған жер, отбасы, салауатты өмір салты, ұлттық құндылықтар, еңбек, заң, тәртіп, табиғат, ғарыш, туризм сияқты жан-жақты тақырыптар легі ұсынылып отыр.
Маңызды жаңалықтардың бірі – іріктеу жасанды интеллекттің көмегімен өткізіледі. Бұл ашықтық пен шешім қабылдаудағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
“Ережеге сәйкес бірінші кезеңде тек сценарийлер мен сценарий жоспарлары қабылданады. Екінші кезеңде құжаттар топтамасының толық сәйкестігі тексеріледі. Ал ашық қорғау мен питчинг кезеңі онлайн көрсетілім арқылы өтеді.
Конкурс нәтижесінде мемлекеттік қолдау тапқан жобалардың 70 пайызы жас режиссерлердің туындылары екені ерекше қуантады.
Сапалы, сауатты фильмдер түсіргісі келетін авторларға сәттілік тілеймін!”-деп атап өтті Аида Балаева.
