Аягөз депосы: теміржол ардагерлеріне мәрмәрдан мәңгі белгі қойылды

Dalanews.kz 05 там. 2025 11:12

Теміржолшылар күні қарсаңында 95 жылдық тарихы бар Аягөз локомотив пайдалану депосында ардагер теміржолшыларға арналған ескерткіш тақта ашылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Қазақстан теміржолшысы"  сайтына сілтеп.

Мерекелік іс-шараға Аягөз қаласының әкімдігі, депо ұжымы мен басшылығы, теміржол саласының ардагерлері, Астана, Алматы, Семей қалаларынан арнайы шақырылған құрметті қонақтар қатысты. Жиынды ашқан жергілікті теміржол ардагері Серік Акишев ескерткіш тақта ашу идеясы мен оның жүзеге асырылуына және ардагерлердің қысқаша өмірбаяны мен еңбек жолдарына тоқталып өтті.  

Абай облысына белгілі қоғам қайраткері Шымболат Оразбаев (1934-2021) – Аягөз депосында 1959-1970 жылдары қарапайым жұмысшыдан депо бастығына дейін көтерілген еңбек ардагері. Кейіннен Семей облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Семейдің Калинин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Семей қаласы атқару комитетінің төрағасы, Семей облыстық партия комитетінің хатшысы, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, Алматы теміржол басқармасының қызметкері сияқты жауапты лауазымдарды атқарған елге белгілі азамат. Ерен еңбегі бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған, «Семей қаласының құрметті азаматы» атағының иегері.  

Аягөз депосының іргетасын қалаған, Түрксібті салуға қатысқан ардагер, «Ленин» орденінің иегері Жақсыбек Аймағамбетов (1913-1988) темір жолда 50 жыл еңбек еткен. Ардагер Жұмағали Балташев (1935-2012) «Халықтар достығы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған, Құрметті теміржолшы, 43 жыл еңбек еткен ардагер. Қысқасы, қай-қайсысы да мұндай құрметке әбден лайық тұлғалар.  

Жиында сөз алған Аягөз қаласының әкімі Асқар Ерланов, Аягөз теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төкен Көпбаев, Астанадан келген ардагер-теміржолшы, кезінде осы депоны басқарған Аспан Қажығұлов өткен жылдардан естеліктер шертіп, аталған ардагерлердің теміржол саласына сіңірген еңбектері туралы сөз етті.  

Аймақ теміржолының тарихында Аягөз локомотив пайдалану депосының орны айрықша екенін жеткізіп, осынау кәсіби мамандар ұстаханасынан шыңдалып шыққан даңқты теміржолшылардың өмірі мен елге сіңірген еңбектері бүгінгі ұрпаққа өнеге көзі екенін жеткізді. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасуда.  

Жалпы Аягөз торабы кезінде кадрлар ұстаханасы аталып, Қазақстан темір жолына білікті мамандар даярлаудың мектебі болғаны сөз болды.  

Ескерткіш тақтаны орнатуға және салтанатты жиынды жоғары деңгейде өткізуге тікелей атсалысқан депо ұжымы мен ардагерлерге, депо бастығы Алмас Жанатқалиев пен бас инженері Асқар Сабырбаевқа жиналған қауым зор алғыс айтты. Әсіресе ескерткіш тақтасы ашылатын ардагерлердің туыстары Шәкәрім университетінің профессоры Құмарбек Амирханов, Өмірбек Аймағамбетов, Мейрамғазы Балташев іс-шараны ұйымдастырушыларға шын жүректен алғыстарын білдіріп, жастарға үлгі-тәрбие беретін осындай жиындарды алдағы уақытта да жалғастыра беруге ұсыныс жасады.  

Сол күні ескерткіш тақталары ашылған ардагерлер рухтарына бағышталып ас берілді.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар