Бұл туралы Жарма ауданы әкімі Ахметқали Нұрғожин әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есебінде мәлімдеді.
- Ауданда әлемдік пандемияға байланысты қиындықтарға қарамастан, соңғы үш жылда өнеркәсіп өнімдерін өндіру 29 есе өсті. Аталмыщ сала бойынша ауданымыз облыста Өскемен қаласынан кейінгі екінші орынды алады. Айта кетейік, халықты әлеуметтік қорғау саласында 2020 жылы 1315 жаңа жұмыс орны ашылды. Аудан халқының 96% таза ауыз сумен қамтамасыз етілді. 15 білім беру ұйымында жергілікті бюджет қаражаты есебінен бейнебақылау камералары орнатылды. 12 мектепте балалардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы үшін ғимарат ішінде санитарлық желі жүргізілді, – деді аудан әкімі.
Жарма ауданы әкімінің айтуынша, Кіші Қарасу ауылында су құбырын салу және Сұлусары мен Жарық ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталады. Сондай – ақ, "Ауыл-ел бесігі" бағдарламасы аясында биыл Әуезов кентіндегі Мәдениет үйі пайдалануға беріліп, Суықбұлақ кентіндегі ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кету керек, биыл бұрынғы аудан орталығы – Шар қаласының инфрақұрылымын абаттандыру және қайта жаңарту бойынша кешенді жоспар әзірленеді.
– Облыста бұрынғы аудан орталықтарын дамытуға ерекше назар аударылған. Елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылым сақталған, халық орта және мектепке дейінгі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт қызметтерімен қамтамасыз етілген. Десе де, тұрғын үй-коммуналдық салада және жол инфрақұрылымында бірқатар мәселелер бар. Оны шешу үшін бұрынғы аудан орталықтарын дамыту бағдарламасы әзірленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Ұлттық экономиканың үдемелі өсуінсіз азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мүмкін емес» міндетіне сүйене отырып, нақты сектордың бәсекелестік артықшылықтарын күшейту үшін жұмыс істеп жатырмыз, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Айта кету керек, өткен жылы Шар қаласында көптен күткен спорт кешені пайдалануға берілді. Жалпы ауданда жыл қорытындысы бойынша 48 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, 2 пәтерлі төрт тұрғын үй медицина қызметкерлеріне берілді.
- Ауданымызда дәрігерлерге барынша қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңа жыл қарсаңында жаңа пәтерлер сыйлағандарыңыз үшін барлық әріптестерімнің атынан алғыс білдіремін. Өз тарапымыздан халық денсаулығы үшін аянбай еңбек ететін боламыз, - деді аудандық аурухана қызметкері және көпбалалы ана Меруерт Жадықова.