Яғни, Абайдың шағын отаны мен Семей қаласына келетін туристердің дені көп болмақ. Осы ретте Семей қаласы мен Абай ауданында Абай Құнанбайұлының мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында ауқымды дайындық жұмыстары қолға алынды.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей тапсырмасымен Семей қаласындағы Абай театрына, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдение және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайына, Абай Құнанбаев атындағы алаңға, Абай кітапханасы ғимараттарында жөндеу жұмыстары басталды.
– Ұлы данамыз Абай Құнанбайұлының мерейтойы – еліміздің басты тойы. Сондықтан шетелдік туристер мен меймандарды аса жоғары дайындықпен қарсы алуымыз керек, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Биыл Абай ауданында ірі тарихи және мәдени нысандар бой көтеретін болады. Бұл – Сырт Қасқабұлақ ауылындағы мемориалдық кешеннің құрылысы, Ақшоқы ауылындағы Құнанбай Өскенбайұлы мұражайының құрылысы мен қорымның жөндеу жұмыстары, «Абай-Шәкәрім» кешені аумағында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу.
Шығысқазақстандық абайтанушылардың ұсынысымен, талқылауымен Сырт Қасқабұлақ ауылындағы мемориалдық кешеннің құрылысы басталды. Сырт Қасқабұлақ – қазақ халқы үшін қасиетті орын. Абай шығармашылығымен таныс әрбір қазақстандық бұл киелі орынға келіп, дана рухына тағзым етеді.
Бұл жер енді ұлттық стильде нақышталып, Абайдың қара сөздері жазылған тас бағаналары киелі бұлаққа апаратын жол бойына орналасады. Жас ұрпақ үшін мәні жоғары құрылыс тарихи кезеңнен сөз шертіп, ақынның шығармашылығын насихаттайтын болады.
Облыс әкімі айтып өткендей, барлық жөндеу және құрылыс жұмыстары бірегей рухани құндылықтарды сақтай отырып заманауи үлгіде жүргізілетін болады. Жаңадан ашылатын нысандар аудан жастары мен тұрғындары үшін бос уақыттарын өткізетін демалыс орнына айналады.
– Барлық қолға алынған жұмыстар ағымдағы жылдың шілде айына дейін толықтай аяқталу керек. Арнайы жұмыс тобы тікелей бақылау жұмыстарын жүргізіп, уақтылы тапсырылуын қадағалайды, - дейді өз сөзінде Даниал Ахметов.