Ресейдің жабық каналдар арқылы Қазақстаннан 50 мың тонна АИ-92 бензині бойынша ұсыныспен шыққанын Reuters жазған болатын. Инсайдерлердің сөзінше оның екі бағыты ұсынылған. Біріншісінде, Ресей Қазақстаннан дайын бензин сатып алады. Екіншісінде, ресейлік мұнайды қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарында өңдеп, өздеріне тасиды.
"Астана әлі Мәскеуге жауап бермеді. Бірақ жабық есік жағдайындағы кеңесте бензиннің өтеуі ретінде авиакеросин сұрау бойынша нұсқа барлық тараптарға ұнап отыр. Себебі елімізді авиаотын тапшылығы қатты қысып барады. Жазғы демалыс кезеңі басталғанда бұл дефицит өрши түсті. Авиакеросин жетіспесе, авиахабқа айналу бойынша жоспардың барлығы бұзылмақ", - дейді, DALA INSIDE дереккөзі.
Қазақстан жылына шамамен 724–726 мың тонна авиакеросин өндіреді. Ал елдің жылдық сұранысы 1,1–1,2 млн тоннаға жеткен. Яғни жыл сайын 350–450 мың тонна көлемінде тапшылық импортпен жабылады. Оның басым бөлігі Ресейден келіп жүрген еді.
Алдағы шілде айында жағдай күрделене түсуі мүмкін. 26 маусым мен 15 шілде аралығында Атырау мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге тоқтайды. Осы кезде жазғы демалыс маусымының шарықтау кезеңіне келеміз де, тұрақты және чартерлік рейстер саны көбейеді. Соның салдарынан Қазақстанда авиакеросин тапшылығы күшейеді деген болжам бар.
Ресейде авиакеросин өндірісі шамамен 30 пайызға қысқарды да, қалған резервті Мәскеу импортқа шығармай, өзінде стратегиялық запас ретінде ұстамақ ниетте. Қазақстан одан келісілген импорт көлемін тоқтатпауды талап етпек. 50 мың тонна бензин осы келіссөзде қолданатын рычагқа айналып отыр. Не болса да, Қазақстан дайын бензин бермейді. Тек своп алмасу арқылы Батыс-Қазақстандағы шағын мұнай өңдеу зауытының қуатын ұсынуы мүмкін.