"Ауқатты құда" Боранбаевтың Ресейдегі көл-көсір байлығы туралы не белгілі?

Сағыныш Сардарова 01 нау. 2024 15:50 5092

Назарбаев әулетінің экс-құдасы Қайрат Боранбаевтың елдегі және алыс-жақын шетелдегі байлығы ел аузында. Бұл жолы оның Ресейдегі активтері сөз болады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Выход к морю мәліметтеріне сүйенсек,Нұрсұлтан Назарбаев отбасының тағы бір мүшесі Қайрат Боранбаев Мәскеудегі бизнесін белсенді дамытып жатыр.

"Әңгіме Ресей Федерациясындағы ең қымбат жылжымайтын мүлік саналатын, Мәскеу қаласындағы "Федерация" шығыс мұнарасындағы нысан туралы болып отыр. Оған Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасының компаниясы иелік етеді.

Боранбаевтың "А-Актив" ЖШҚ балансында 37-қабатта орналасқан, ауданы 2354 шаршы метр кеңсе бөлмелері бар. Нысанның кадастрлық құны - 450 миллион рубль. Былтыр жыл соңында ғимараттағы қабаттың кем дегенде жартысын Work Nation коворкингіне айналдыру туралы шешім қабылданды, оны сол "А-Актив" ЖШҚ басқарады. Ресей Федерациясында компания тіпті тиісті сауда белгісін де тіркеді. 

Боранбаев осы ғимараттағы 92-қабатта орналасқан ауданы 482 шаршы метр пәтерлерге ие. Мұны сатып алу кәсіпкерге кем дегенде 2 миллиард рубльге түскен. Бұл мүлік әлі күнге дейін оның "А-Актив" компаниясында тіркелген, бірақ Ресей мен Украина соғысы басталғаннан кейін оның құны айтарлықтай төмендеді.

"А-Актив" балансында "Федерация" мұнарасының астындағы жеке паркингте 13 көлікке арналған орын және бес көлік бар: екі Mercedes GLS 450 4MATIC 2019 және 2020, бір Mercedes S 560 4MATIC Maybach, оның орташа нарықтық құны - 10 миллион рубль. Сондай-ақ, 2021 жылғы Toyota Camry және құны 6 миллион рубль болатын Volkswagen Tiguan бар", - деп жазылған арна мәліметінде.

Сонымен қатар, арна ақпаратында Қайрат Боранбаевтың иелігінде Ресей мен Қазақстандағы McDonald's франшизасына қызмет көрсеткен "Азық-түлік кәсіпорындарының өңірлік желісі" ЖШҚ да бары айтылады. Бұл компанияның жарғылық капиталы 6 млрд рубль немесе 30 млрд теңгеге жуық екен. Ал Боранбаевтың тағы бір компаниясы, яғни "Консалтинггаз" ЖШҚ қала маңындағы элиталық жылжымайтын мүлікті басқару үшін ашылыпты.

Қайрат Боранбаев бұған дейін елдегі, Esentai Tower-дегі қымбат үйін де даулаған еді. Бұл туралы prokadrykz арнасы мен Press Kz басылымы жазды.

Арна мәліметінше, бай кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың сот орындаушысына қарсы берген талап-арызының мазмұны белгілі болған.

"Ол өзінің үлесін, сондай-ақ, тәркіленген жылжымайтын мүліктегі жұбайының үлесін анықтауды сұраған.

Әңгіме Алматыдағы Әл-Фараби, 77/7,1 мекенжайында орналасқан, құны 686 миллион теңге болатын коммерциялық үй-жай туралы болып отыр.

2GIS мәліметтері бойынша бұл аумақ Esentai Tower бизнес орталығында орналасқан", - деп жазылған арна мәліметінде.

Press Kz мәліметінше, Боранбаев бұл мүлікті өзінің және жұбайы Шолпан Боранбаеваның үлесі тең деп танылуға тиіс бірлескен пайда деп санайды екен. Алайда сот тәркіленген үй-жай қылмыстық ақшаға сатып алынғанын көрсеткен. Демек, оны неке кезінде ерлі-зайыпты тапқан мүлік ретінде қарастыруға болмайды.

Айта кетейік, былтыр 6 қарашада Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты. Ал оған дейін наурызда ол 8 жылға сотталды. Қыркүйекте жаза мерзімі 6 жылға дейін қысқарды.

Сонымен қатар, "бай құда" Астананың орталығындағы 4 жұлдызды қонақүйді, басқа да біраз мүлікті мемлекет меншігіне тапсырды. Ал аумағы бес мың шаршы метрден асатын қонақүй кешенінің жылдық айналымы шамамен 900 миллион теңгеден асады екен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар