Ауылдағы 500 мың теңге жалақы мен роботтандырылған ферма

Азамат Қойшығара 04 шіл. 2025 14:48

Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Маншүк Мәметова ауылы үшін биылғы ең басты жаңалық – жанынан бой көтерген жаңа роботтандырылған сүт-тауарлы ферманың іске қосылуы. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жұмыспен қамту мәселесі енді нақты нәтиже бере бастады. Ауыл маңына осындай ірі өндірістік нысанның салынуы тек ауыл тұрғындары үшін емес, бүкіл өңір үшін ерекше оқиға болды.

70 жаңа жұмыс орны жастарға сенімді арттырды

«Ен Дала» ЖШС-нің бас директоры Тимур Пішенов журналистерге берген сұхбатында жаңа МТФ-де 70 тұрақты жұмыс орны ашылғанын айтты. Оның басым бөлігі – жергілікті жастар. Бұл ауылдық округ үшін теңдессіз көрсеткіш. Бір мезетте осынша жұмыс орнының ашылуы бұрын-соңды болмаған.

Бүгінде жастардың ауылда қалуы – еліміздің стратегиялық міндеттерінің бірі. Ал оған себеп болатын басты фактор – жалақы көлемі мен әлеуметтік қолдау. Тимур Пшеновтің айтуынша, бұл фермада орташа жалақы шамамен 500 мың теңгені құрайды, бұдан бөлек, әлеуметтік пакет қарастырылған. Бұл ауыл тұрмысы үшін орасан қолдау болып саналады.

Әлеуметтік жауапкершілік: балабақша, көмек, тұрақтылық

«Ен Дала» тек ферма ғана емес, әлеуметтік серіктес ретінде де танылып отыр. Мәселен, компания өз қаржысына ауылда заманауи балабақша салып, оны мемлекет меншігіне өткізген. Бұл – бизнестің ауылдағы өмір сапасын арттыруға қосқан шынайы үлесі.

Қазіргі таңда фермада 1 200 бас сауынды сиыр бар. Күніне 30 тонна сүт өндіріледі. Бұл көрсеткіш бойынша ферма Ақмола облысында екінші орында (бірінші орында – аты көпшілікке кеңінен белгілі «Родина» компаниясы).

Жобаның болашақ мақсаты – тәуліктік сүт өндірісін 50 тоннаға дейін арттыру. Барлық өнім өңірдегі сүт зауыттарына жіберіледі, одан әрі дайын өнімге айналып, тұтынушыларға жол тартады.

Қарапайым шаруадан басталған үлкен кәсіп

– Мен кеңестік совхоздарды басқарып, кейін нарыққа икемдеп алып шыққан «қызыл директорлардың» қатарынан емеспін, – дейді Тимур Пішенов. – Бәрін таза беттен, қарапайым еңбекпен бастадым. Уақытында бар-жоғы 46 гектар жерім болды. Жыл өткен сайын тынымсыз еңбекпен қазіргі кәсіпорынды құрдым. 34 жылдан бері ауыл шаруашылығында еңбек етудемін. Саланың өзгерістерін, қиындықтарын да, мүмкіндіктерін де терең түсінемін.

Мемлекеттік қолдау мен оның нәтижесі істі өрге домалатты

Пішеновтің айтуынша, мемлекет тарапынан фермерлерге қолдау бұрыннан көрсетілген, алайда соңғы 2-3 жылда бұл шаралар шын мәнінде тиімді бола бастады. Жеңілдетілген несиелер, инвестициялық субсидиялар, техника мен инфрақұрылымды қолдау сияқты нақты қадамдар ауыл кәсіпкерлеріне жаңа тыныс беруде.

Ол мемлекет тарапынан АӨК-ті кешенді дамытуға бағытталған саясат жалғасын табатынына сенеді. Себебі, ауыл шаруашылығы – ел экономикасының тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі.

Маншүк Мәметова ауылындағы «Ен Дала» ЖШС-нің жаңа жобасы – бүгінгі Қазақстандағы ауылдың жаңару, даму үлгісі. Бұл ферма – тек сүт өндірісі емес, жастарға жұмыс, ауылға өмір, елге үміт. Ал «молочные реки» – өздігінен ағылмайды, оны ағындататын – табандылық, еңбек, сенім және мемлекеттік қолдау.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар