С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Алматыдағы "Ақсай" балалар клиникасын қайта жаңғырту үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялады. Жобаға ҚҚС-сыз 11,1 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сатып алу құжатында клиниканың атауы тікелей жазылмаған. Алайда құрылыс жүргізілетін мекенжай ретінде Таутаған көшесі, 2 көрсетілген. Бұл жерде «Ақсай» университеттік клиникасы орналасқан.
"Ақсай" – 300 орындық көпсалалы балалар ауруханасы. Мұнда еліміздің әр өңірінен жағдайы ауыр балалар жеткізіледі. Аймақтағы дәрігерлер емдей алмаған науқастар ауруханаға санитарлық авиациямен әкелінеді. Сол себепті клиниканы ауыр дертке шалдыққан балалар үшін «соңғы үміт» деп атайды.
Жоба бойынша аурухананың «А» блогы қайта жөнделіп, оған қосымша ғимарат салынады. Сондай-ақ нысан жер сілкінісіне төзімді болуы үшін күшейтіледі. Құрылыс екі кезеңмен жүргізіліп, 27 айға созылмақ.
Конкурсты жеңіп алған мердігерге жалпы соманың 30 пайызы алдын ала төленеді. Бұл шамамен 3,3 млрд теңге.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі ҚазҰМУ жанынан 300 орындық жаңа клиника салуды жоспарлаған еді. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асуға тиіс болатын. Алайда бұл жоспар орындалмады. Енді қолданыстағы "Ақсай" клиникасын мемлекет қаржысына жаңғырту көзделіп отыр.
Қазір негізгі мәселе – құрылыс жүретін екі жылдан астам уақыт ішінде ауруханада ем қабылдайтын балалардың қайда және қалай емделетіні. Бұл сұраққа әзірге нақты жауап берілген жоқ.