Ауыл халқына неге көштің деп қай бетімізбен айтамыз? — Зайытов елдегі маңызды мәселені көтерді

Қаракөз Амантай 29 қаң. 2025 12:28 1552

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов ауылдардың қазіргі жай-күйіне назар аударып, Премьер-министрге сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, ауылдар қараусыз қалған қарттың күйін кешіп отыр.

“34 жыл ішінде қаншама ауыл тұрғыны туған жерін амалсыз тастап кетті. Бұған инфрақұрылымның жоқтығы, медициналық қызмет пен білім сапасының төмендігі, тұрақты жұмыстың жетіспеушілігі, тіпті қарапайым интернеттің болмауы себеп. Соның салдарынан, қаншама ауылымыз “мүжілген сүйектей” мүшкіл халге жетіп, жабылып қалды”, – деді депутат.

Оның сөзінше, 2024 жылдың өзінде Солтүстік Қазақстан облысында 141 ауылдың ресми мәртебесі жойылған.

“Соңғы 5 жылда ШҚО-да 350 ауыл, СҚО-да 635, Павлодар облысы бойынша 352 ауыл бос қалды. Бұл жай ғана сандар емес, бұл – мыңдаған отбасының туған жері, өмірінің бір бөлшегі. Ауыл деген жай жаба салатын есік емес, қазақтың алтын бесігі екенін неге ұмыттық? Иә, Үкіметтің “Ауыл – ел бесігі” және AMANAT партиясының “Ауыл аманаты” деген ауыл тамырына қан жүргізетін, сәтті бағдарламалары ұсынылып жатыр, оларды тіпті енгізді де. Нәтижесі де жаман емес. Бірақ бір - екі бағдарлама Қазақстанның барлық ауылдарын гүлдендіріп жібере алмайды ғой”, – деп атап өтті Зайытов.

Ауыл шаруашылығына кедергілер көп

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы ауылды дамыту мәселесін бірнеше рет көтергенімен, іс жүзінде жағдай өзгермеген.

“Бүгінде ауыл тұрғындары өз күшімен кәсіп ашайын десе – қаржы тапшы, жер алғысы келсе – мүмкіндік жоқ, мал өсірейін десе – инфрақұрылым қарастырылмаған. Тіпті ауыл әкімдерінің өзінде қажетті техника мен қаржы жеткіліксіз. Осындай жағдайда халыққа “ауылдан неге көшесіңдер?” деп сұраудың өзі артық”, – деді ол.

Зайытовтың айтуынша, Абай облысы Аягөз ауданында алдағы уақытта 10-нан астам ауыл жабылуы мүмкін, алайда бұл мәселені шешуге ешбір шенеунік кіріспеген.

“Қазақ өз тамырын өзі кессе, қалай гүлдейді? Әлде билік барша халықты қалаға шоғырландыруды көздейтін жасырын саясат жүргізіп отыр ма?” – деп сауал тастады депутат.

Ауылдарды сақтау үшін Ринат Зайытов Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

1. Ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту;

2. Әр ауылды кем дегенде бір техникамен қамтамасыз ету;

3. Бұл мәселені ұлттық деңгейге көтеріп, Премьер-министр мен облыс әкімдерінің қатысуымен қоныс аудару жөніндегі мемлекеттік комиссия құру;

4. Ауыл жастарын тұрақтандыруға бағытталған нақты жоспар әзірлеп, оны жастарға жеткізу.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар