«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы өртке қарсы нысандар құрылып, жұмыс жандануда

Жарбол Кентұлы 22 шіл. 2025 15:49

«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдар еліміздің ауылдық жерлерінде ерікті өртке қарсы құрылымдар мен өрт сөндіру бекеттерін құру және дамыту жұмыстарын жалғасуда. Бағдарламаның мақсаты – шалғай және жетуі қиын елді мекендердің өртке қарсы қорғалуын арттыру, төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқарту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Жақында Қостанай облысында Алтынсарин ауданының Докучаев атындағы ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Ол 1300-ден астам тұрғын мен аумағы 4000 гектарды құрайтын Лермонтов орман шаруашылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бекетті жарақтандыру үшін ТЖД балансынан өрт сөндіру көлігі мен жедел көлік берілді. Осыған ұқсас бөлімшелер Б.Майлин ауданында да жұмысын бастады. Жаңа өрт сөндіру бекеті 4000-нан астам тұрғыны бар тағы екі елді мекенге қызмет көрсетеді.

Сол сияқты Абай облысының Жарма ауылында дайындалған техникамен және оқытылған волонтерлермен жабдықталған ерікті өртке қарсы құралым құрылды. Еріктілер ТЖ департаментінде оқытудан өтіп, жедел ден қоюға дайын.

Ал Жамбыл облысының Жамбыл ауданына қарасты Өрнек ауылында өрт сөндіру бекеті жаңартылды. Еріктілер заманауи құрал-жабдықтармен және арнайы киім-кешекпен қамтамасыз етілді.  Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Манап ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті іске қосылды. Нысан төрт ауылды қамти отырып, шамамен 4600 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында өрт сөндіру бекеті ашылып, 700-ден астам тұрғыны бар тағы екі елді мекенге қызмет көрсетеді. Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы Мәртөк ауылында жұмыс істеп тұрған өрт сөндіру бекеті 10 200 тұрғынды қамтиды.

Сонымен қатар Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Әлімбет ауылында тәулік бойы жұмыс істейтін өрт сөндіру бекеті бар. Бекет 2 200-ден астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бекет тәулік бойы жұмыс істеп, халықпен алдын алу жұмыстарын жүргізуде.

 

Ақмола облысының Буланды ауданына қарасты Партизанка ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Ауыл ең жақын өрт сөндіру бөліміне 90 км қашықтықта орналасқан. Облыстық ТЖД өрт техникасын берді.  Сонымен қатар Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Константиновка ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып, 2700-ден астам тұрғыны бар елді мекендер мен 2500 гектар орман қорын қамтиды.

Өрт сөндіру бекеттерін құру — бұл тек төтенше жағдайларға дайындықты арттыру ғана емес, сондай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамытуға қосылған үлес. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы – мемлекеттің, жергілікті биліктің және халықтың туған ауылдарын қорғаудағы тиімді ынтымақтастығын көрсетіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Әр ауылға қауіпсіздік — ортақ міндетіміз!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар