Атыраудағы 200 млн теңгелік фестиваль: сатып алу рәсімінен күмәнді тұстар байқалды

Атыраудағы 200 млн теңгелік фестиваль: сатып алу рәсімінен күмәнді тұстар байқалды
Фото: ЖИ

Атырау облысында мәдени-туристік фестивальді ұйымдастыруға шамамен 200 млн теңге бөлінген. Алайда сатып алу рәсіміне қатысты бірқатар мәселе туындаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Goszakup мәліметінше, фестивальді ұйымдастыру қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тәсілі арқылы сатып алынбақ. Бұл тәсіл негізінен әлеуметтік саладағы жобаларға арналған, ал туризм саласындағы іс-шаралар, әдетте, ашық конкурс арқылы сатып алынады.

Сатып алу рәсіміне талдау жасаған дереккөз техникалық ерекшеліктегі талаптарға да назар аударған.

"Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тәсілі біліктілік талаптарын белгілеуге мүмкіндік бермейді. Бірақ олар техникалық ерекшелікке енгізілген. Негізінде тапсырыс беруші орындаушыдан белгілі бір мамандардың дипломдарын емес, қызметтің сапалы нәтижесін талап етуі керек", - дейді олар.

Сондай-ақ дереккөз конкурс мерзімінің тым қысқа екеніне күмән келтірді. Айтуларынша, өтінім қабылдау 29 шілдеде аяқталса, техникалық құжаттама бойынша фестиваль 15 тамызда басталуы тиіс.

"Барлық рәсім аяқталғаннан кейін жеңімпаздың іс-шараны ұйымдастыруына небәрі екі аптадай ғана уақыт қалады. Құны 200 миллион теңгелік фестиваль үшін бұл өте аз мерзім. Жеңімпаз алдын ала белгілі емес пе деген сұрақ та туындайды", - деді Goszakup арнасы.

Осыған байланысты аталған мемлекеттік сатып алу рәсіміне мұқият назар аудару қажет екенін айтып, конкурсқа бір немесе екі ғана өтінім түсуі мүмкін деген болжамын жеткізді.