Атырау облысындағы жекеменшік балабақша өкілдері ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшкеннен кейін мемлекеттік төлемдердің кешігіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының мүшесі Гүлхан Өтегенованың айтуынша, 2026 жылдан бастап барлық балабақша ваучерлік жүйеге көшкен. Бұрын қаржыландыру білім бөлімдері арқылы жүргізілсе, қазір бұл міндет Қаржы орталығына жүктелген.
«2026 жылдан бастап барлық балабақша ваучерлік жүйеге көшті. Бұрын қаржыландыру білім бөлімдері арқылы жүргізілсе, қазір Қаржы орталығы арқылы жүзеге асырылады. Кейбір балабақшалар сәуір айынан бері төлем алған жоқ. Бізге қаражат бөлінгенше күту қажет екені айтылып отыр», – деді ол.
Оның сөзінше, бірқатар мектепке дейінгі ұйымдар ай сайынғы қаржыландыруды әлі алған жоқ. Сонымен қатар қаңтар және ақпан айларына қатысты берешек те сақталып отыр.
Сондай-ақ жекеменшік балабақша өкілдері 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған мемлекеттік субсидиялау бойынша қосымша келісімдерге әлі күнге дейін қол қойылмағанын айтты. Олардың пікірінше, бұл мекемелердің жұмысын жоспарлауға және қызметкерлерді сақтап қалуға кедергі келтіріп отыр.
Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов ваучерлік жүйе енгізілгеннен кейін қаржыландыру Қаржы орталығы арқылы жүргізілетінін растады.
Оның айтуынша, қажетті қаражат толық көлемде қарастырылған, ал төлемдердің кешігуі республикалық деңгейдегі қаржыландыру рәсіміне байланысты. Бюджет қаражаты бекітілгеннен кейін барлық төлемдер аударылып, алаңдауға негіз жоқ.
Бұл мәселе Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте де қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, салалық қауымдастықтар және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құру ұсынылды.