Атырауда төрт адамды өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты тың дерек тарады

Атырауда төрт адамды өлтірген Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты тың дерек тарады
Сұлтан Сәрсемәлиев. Фото: ашық дереккөзден

Атырау облысының Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесін өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиев әзірге тергеу изоляторында қалып отыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Atyrau OIL мәліметінше, сотталған азаматты жазасын өтейтін мекемеге этаппен жіберу әзірге жүзеге аспаған.

Басылым оның өзіне зиян келтіру қаупі ескеріліп отырған болуы мүмкін екенін жазады. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның қорғаушысы өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімге апелляциялық шағым түсірмегені хабарланған.

Осыған байланысты сот шешімі заңды күшіне енді.

Енді сотталған азамат өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесіне жіберілуі тиіс.

Әзірге оның нақты қай мекемеге және қашан этаппен жөнелтілетіні белгісіз.