Атышулы Қожағапановтың ісі даулы деректермен толығуда

Көркем Алдабергенова 08 сәу. 2025 12:41 1095
©Фото: Азаттық, Коллаж: Dalanews.kz

Қазақстанда бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты сот процесі жалғасуда. Ол 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру барысында 1 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталуда. ​Dalanews.kz тілшісі істің басталуы, айыптаудың мәні сот процесіне шолу жасады. 

Іс неден басталды?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстады. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу мәліметтері бойынша, 2018 жылы Петропавл қаласында өткен форумның көрмесін ұйымдастыру кезінде жасалған сметада баға екі есе өсіріліп көрсетілген, бұл бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген. ​

Сот процесінің барысы

Қазір бұл іс бойынша Астана қаласындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта процесс жүріп жатыр. 2018 жылы Петропавлда өткен форум аясында арнайы көрме ұйымдастырылған болатын. Бұл шара – екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізілген ірі халықаралық платформа. Алайда тергеу мәліметтері бойынша, сол кездегі вице-министр Қожағапанов пен жеке компания өкілдері форум ұйымдастыруына бөлінген бюджет қаржысын негізсіз жоғарылатып, ақшаны талан-таражға салған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік бұл істе «SUCCESS K» компаниясының директоры Ләззат Көккөзованы да айыптап отыр. Оның агенттігі форум көрмесін ұйымдастыруда мердігер ретінде әрекет еткен.

Соттағы негізгі айыптар

Ерлан Қожағапановқа ҚР Қылмыстық кодексінің:

361-бабының 4-бөлігі, 3-тармағы (лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану, ауыр зардаптарға алып келу) бойынша айып тағылды. Бұл бап 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Ал Ләззат Көккөзоваға:

189-баптың 4-бөлігі, 2-тармағы (аса ірі көлемдегі сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылып отыр.

Сот процесінің барысы

Сот отырысы 2024 жылдың 25 желтоқсанында басталды. Процеске судья, мемлекеттік айыптаушы, адвокаттар мен БАҚ өкілдері қатысып жатыр. Сот отырысы ашық форматта өтуде, бұл қоғамның қадағалауын қамтамасыз етеді.

Қожағапановтың ұстанымы:

Экс-вице-министр өзінің кінәсіз екенін айтып, барлық әрекетін заң аясында және қызметтік міндетін орындау мақсатында жасадым дейді. Ол сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаевтың "Қожағапанов 12 жылға сотталуы мүмкін" деген сөзіне наразылық танытып, бұл сотқа қысым жасау деп санайтынын мәлімдеді.

7 сәуірдегі сот отырысында өткен сот отырысының алғашқы бөлігінде Қожағапановтың қорғаушылары сөз алып, айыпталушыны қамауда ұстау қажет еместігін мәлімдеді. Олар бұлтартпау шарасын өзгерту жөнінде кезекті рет өтініш білдірді. Адвокаттың айтуынша, Қожағапанов заңсыз қамауда отыр.

– Бұған дейінгі сот тыңдалымында да айтқанмын – бұл жерде айып тағуға жеткілікті қылмыстық немесе қылмыстық-процестік негіз жоқ. Тергеу сотының қаулысы уақытша сипатқа ие. Іс енді сотқа өткен соң, оны қамауда ұстаудың мәні қалмады, – деді қорғаушы.

Сот залында Ерлан Қожағапановтың өзі де пікір білдіріп, мемлекеттік айыптауды кәсіби емес деп сынады. Сондай-ақ, істің қоғамда кеңінен талқыланып, БАҚ-та шектен тыс жария болуына алаңдаушылығын жеткізді.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасының орынбасары бұл істің ашық өтетінін Сенат мінберінен жария етті. Содан кейін журналистер ағылып келді – газет те, телеарна да, интернет те жарыса жазды. Іс бойынша барлық дереккөз көпшілікке жария болды. Мен мұның бәрінің осылай жайылып кетуін қаламадым. Бірақ ақыры не болды? Құқық қорғау органдарының бірінің – тергеу тобының кәсіби біліксіздігі ашық көрінді. Олар өз басшыларын да, бақылаушы органды да шатастырып отыр. Енді сол шикі істі сотқа әкеліп отыр, – деді айыпталушы.

«SUCCESS K» компаниясының табысы заңды жолмен келген бе, әлде бұл қылмыстық жолмен алынған пайда ма?» деген сұрақ сот процесінде басты мәселелердің біріне айналды. Қорғаушы тараптың айтуынша, аталған компания – жеке коммерциялық құрылым, сондықтан оның табыс табуы заңға толық сәйкес келеді.

Осы себепті адвокаттар форум шығындарын бағалау үшін арнайы сарапшы тарту шешіміне қарсылық танытты.

– Егер компания келісімшарттағы міндеттемелерін орындамағаны жайлы сөз болса, онда әңгіме басқа. Ал табыс тапқаны үшін айыптау – еш негізсіз. Бұл – кез келген кәсіпкердің заңмен қорғалған құқығы, – деді қорғаушылардың бірі.

Шығын мен нарық бағасы арасындағы алшақтық

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет форум барысында пайдаланылған мультимедиялық құрал-жабдықтарды жалға алу құнын анықтау үшін бірнеше мекемеден ұсыныс сұратқан. Бұл сұраулардың нәтижесінде орташа нарықтық баға 100 миллион теңге шамасында болған.

Алайда Ләззат Көккөзованың қорғаушысы, адвокат Макиш Есқараев өз бетімен зерттеу жүргізіп, ұсынылған бағалардың шынайылығына күмән келтірді. Оның айтуынша, антикор сұратқан ұсыныстардың көбі жеңілдікпен есептелген, яғни шынайы нарық бағасынан төмендетілген.

– Мәселен, «Мельников» жеке кәсіпкерлігі мен «Биг Скрин Шоу» ЖШС-ның ұсыныстары арнайы жеңілдікпен берілген. Бұл объективті баға ретінде қаралуы тиіс емес, – деді Есқараев.

Қорғау тарапының уәжі:

Адвокат Болат Челикенов тергеу барысында қылмыстық-процестік кодекстің нормалары бұзылды деп санайды. Оның айтуынша, кейбір маңызды құжаттар – мысалы, аудиторлық есеп пен банктік операциялар туралы мәліметтер – заңсыз алынған, сондықтан олар дәлел ретінде қабылданбауы тиіс.

Күдік тудырған жайттар

Іс материалдарында көрмені ұйымдастыруға бөлінген қаражаттың бастапқы сметада 500 млн теңге болғаны, алайда кейін екі есеге ұлғайғаны көрсетілген. Тергеу органдары мен аудиторлық қорытындылар осы сома ұлғаюының негізсіз екенін алға тартады.

«SUCCESS K» компаниясы бұл іс-шараны өткізу үшін бірнеше рет қосымша келісімдерге қол қойған, ал олардың мазмұны сотта тексеріліп жатыр.

Айта кетейік, қазіргі таңда басты айыпталушы, куәгерлерден әлі жауап толық алынбаған, мемлекеттік айыптаушының да сөзі тыңдалмаған — яғни, соттың қазір аяқталуы екіталай. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар