Атыраулық ардагер спортшы спорттағы жетістігі үшін өзіне тиесілі төлемдерді Туризм және спорт министрлігін сотқа беру арқылы өндіріп алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
“Осыған байланысты спорт шеберінің талабы қанағаттандырылып, сот министрлікті әлем чемпионатындағы жүлделі орындары үшін қаржылай сыйақы төлеуге міндеттеді”, – делінген хабарламада.
Атырау қаласының тұрғыны әрі спорт шебері Туризм және спорт министрлігіне 2021 жылы Лиссабонда (Португалия) өткен дзюдодан әлем чемпионатындағы, 2023 жылы Астана қаласында өткен Азия және Мұхит аймағы чемпионатындағы, Орал қаласында ардагерлер арасында өткен самбодан әлем чемпионатындағы және Әбу-Даби (БАӘ) қаласында өткен дзюдодан әлем чемпионатындағы жүлделі орындары үшін тиесілі төлем жасауды талап еткен.
Ал министрлік спорт ардагерлеріне төлем қарастырылмағанын алға тартып, төлеуден бас тартқан. Осылайша арызданушы мәселенің шешімін табу үшін сотқа жүгінеді.
“Ережеге сәйкес, әрбір чемпион мен жүлдегерге, сонымен қатар жекелеген спорт түрлеріне, ұлттық құрама мүшелеріне халықаралық жарыстарда иеленген жүлделі орындары үшін 100% көлемінде қаржылай сыйақы төленеді. Ал бұл ережеде спорт ардагерлеріне – халықаралық жарыстардың жүлдегерлеріне сыйақы төлеуге тыйым салу туралы нақты ереже жоқ”, – делінген хабарламада.
Шағымданушы халықаралық жарыстарға өзге елдердің спортшыларымен қатар қатысып, жүлделі орындарға ие болғаны және бұл нәтижелердің жалпы медаль есебінде есепке алынғаны аталып өтті.
Мәселен, самбодан Орал қаласында өткен әлем чемпионатына 20-дан астам елден 550-ден астам спортшы қатысқан.
“Министрлік тарапынан әкімшілік рәсімге қатысушы үшін заңсыз әрекеттерден туындайтын салдарларды болдырмау қажеттігін көздейтін (АППК-нің 13-бабы) құқыққа сенім принципі бұзылған”, – деп толықтырды Жоғарғы сот.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.