Атыраудағы тұтас бір отбасының қазасы: күдіктілерге қатысты сараптама жүргізіліп жатыр

Қаракөз Амантай 10 сәу. 2026 14:08

Атырауда бір отбасының өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша жаңа мән-жайлар белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, қазіргі уақытта іс бойынша күдікті деп танылған екі адамға сот-психологиялық сараптама тағайындалған.

Ведомствоның хабарлауынша, күдіктілердің бірі – Ақбаян Мұқанғалиева Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтына жіберілген. Онда оған стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда оның әрекеттеріне ресми құқықтық баға берілген жоқ, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасы да әлі таңдалмаған.

Прокуратура өкілдері істің барлық мән-жайы толық анықталып, сараптамалар аяқталғаннан кейін ғана түпкілікті құқықтық шешім қабылданатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы Жангелдин ауылында болған Қарабалиндер отбасының өліміне қатысты жаңа мәліметтерді жариялаған еді. Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар тізіміне жаңа бап қосылды. Қазір оған кісі өлтіруден бөлек, мүлікті ұрлау және алдау фактілері бойынша да іс қозғалған. Бұл туралы "Tengrinews.kz" мәлімдеген.

Прокуратура дерегінше, тергеу барысында малды сату және отбасы мүлкін ұрлау бойынша бөлек қылмыстық істер тіркелген. Ал қазіргі уақытта алдау дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр, бірақ толық ақпарат жарияланбады.

Сондай-ақ, тергеу барысында күдіктінің әйелі, Қарабалиндердің қызы Ақбаян Мұқанғалиева, сот-медициналық психологиялық-психиатриялық сараптамадан өтіп жатыр. Қазіргі кезеңде оның әрекеттеріне заңдық баға берілмеген. Сараптама нәтижелері мен барлық тергеу әрекеттері аяқталған соң ғана күдіктілердің құқықтық статусы анықталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove