Атырауда халықаралық күрес турниріне 400-ден аса спортшы жиналды

Ақтоты Жапатова 25 қар. 2025 13:22

Атырау қаласында U-17 грек-рим және еркін күрестен халықаралық «OIL CAPITAL CUP» турнирі өтіп жатыр. 22–25 қараша күндері өтетін байрақты бәсекеде алты мемлекеттен және еліміздің барлық өңірінен жиналған төрт жүзден астам спортшы өзара мықтыларды анықтап, чемпиондықты сарапқа салуда, деп хабарлайды Dalanews.kz

Аталмыш жарыс Қазақстан күрес федерациясы, Атырау облысының күрес федерациясы және Атырау облыстық дене шынықтыру, Спорт және туризм басқармасы, сондай-ақ “TOGAY GROUP”, “NUR ATYRAU QURYLYS” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұжымдарының бірлескен қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Елордадан келген Аманәлі Дияр грек-рим күресінен 55 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. 

"Турнирге қатысушы ретінде келгеніме қатты қуанамын. Бүгін бақ пен бап қатар шауып, жеңімпаз болдым. Осыған дейін ақтық сында Ақтөбелік қарсыласыммен екі мәрте күш сынасқан болатынбыз, екі белдесуде де есе жіберіп қойдым. Соңғы үш айда дайындықты жиілеттім. Жарысқа келмес бұрын Астана қаласында оқу-жаттығу жиындарынан өттім. Жаттықтырушылар құрамымен тұрақты түрде қарсыластарымды зерттеп, белдесудегі осал тұстарыммен тыңғылықты жұмыс жасадым. Осындай жасалған еңбек пен адаптацияның арқасында жеңіске жетіп, екі рет жіберген есемді қайтардым деп ойлаймын", - деді Аманәлі Дияр.

Турнирдің марапаттау рәсіміне ҚР Мәжіліс депутаты, екі дүркін Олимпиада ойындарының жүлдегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дәулет Тұрлыханов және Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері "Барыс" және "Парасат" ордендерінің иегері, Қазақстан ресбупликасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері Юрий Мельниченко қатысты.

Салтанатты рәсім барысында Дәулет Тұрлыханов жарыс қатысушыларына жылы лебізін жолдады.

"Армысыздар, құрметті Атырау халқы мен спорт сүйер қауым! Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Атырау қаласында «Мұнайлы астана кубогі» турнирі өтуде. Жарыстың масштабы шынымен де үлкен деңгейде орындалыпты. Сіздердің өңірлеріңізде осындай сапалы және халықаралық деңгейдегі жарыс өткізілуі спорт саласының алға ілгерілеуіне үлкен септігін қосуда. Бүгінде елімізде турнирлер өте көп, ал солардың ішінде көңіл толтырар деңгейдегі доданың бірі – осы. Ендеше, жарысымыздың финалдық кезеңдерін ашық деп жариялаймын! Қатысушылар мен ұйымдастырушыларға сәттілік тілеймін!, - деді Дәулет Тұрлыханов.

Жастарды жігерлендіру мақсатында турнирдің арнайы қонақтары ретінде Демеу Жадыраев, Ризабек Айтмұхан, Айдос Сұлтанғали, Нұрқожа Қайпанов, Болат Сақаев және Дәулет Ниязбеков сынды еліміздің бетке ұстар чемпиондары шақырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар