Атырауда балаға ескерткіш құлап кеткен: қала әкімі жағдайға пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 26 мау. 2024 13:44 2631

Атырау қаласында 7 жасар балаға ескерткіш құлап кеткен. Оқиға салдарынан бала ауруханада көз жұмды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Қалалық полиция басқармасы мәліметінше, бұл жағдай 26 маусымда сағат 00:40 шамасында Атырау қаласындағы Жеңіс саябағында болған.

"2017 жылы туған қызға ескерткіш құлап кеткен. Дене жарақаттары салдарынан қыз облыстық балалар ауруханасында қайтыс болды", - деді құқық қорғау органдары.

Қазір бұл дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Жергілікті atpress.kz басылымы қала әкімінің пікірін жариялады.

"Естелік аллеясында" батырлар мүсіні кәсіпкерлер мен демеушілер қаржысына орнатылған еді. Орал қаласында жасалған. Мемлекет ешқандай қаражат жұмсамады. Мен де тәжірибелі құрылысшы болғандықтан, мұндай салмақты мүсіннің қалай құлап кеткені өзіме де жұмбақ болып отыр. Ол желдің әсерінен құлады деп ойламаймын. Анық-қанығын тексеріп жатырмыз" - дейді Шәкір Кейкин.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар