Атырау облысында экс әкімге қатысты сот үкімі өзгерді

Сағыныш Сардарова 29 қаз. 2024 11:04 2639

Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовқа шыққан сот үкімі өзгерді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Апелляциялық сатыдағы сот Ибрагимовқа қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертті. Бұған дейін Атырау қаласының №2 соты Ибрагимовті материалдық тәуелділікте болған адамға қатысты денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеген болатын.

Жәбірленушінің моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды: сотталушыдан 2 миллион теңге моральдық зиян өндірілді.

Іс апелляциялық алқаға жәбірленуші және қорғау тарабының шағымдары, прокурордың өтініш-хаты бойынша түсті. Сот алқасы іс материалдарын зерделеп, Ибрагимовтің қылмыс жасаудағы кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысымен дәлелденді деген тұжырымға келді.

"Алқа "кінәлі адамға көрінеу белгілі материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты" саралау белгісі дұрыс тағылмаған деп шешті. Жәбірленушінің сотталған адамға материалдық тәуелділігі туралы дәлел ұсынылмады. Жәбірленуші кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны, оның шотына ақша түскені туралы құжаттар ұсынылды.

Осыған байланысты Ибрагимовтің әрекеті Қылмыстық кодекстің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды. Оған 700 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды (2 415 000 теңге)", - деп жазылған Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау қаласының тұрғыны Ақмарал Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі, оған қоса сол кезде Атырау облысы Мақат ауданының әкімі қызметін атқарған Ринат Ибрагимовқа қатысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі 11 жыл бойы ұрып-соққан, балаларын тартып алған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар