Құзырлы ведомство атап өткендей, 2025 жылғы 12 ақпанда Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің үкімінің негізінде Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің "№1 мекеме" РММ-нің бұрынғы 12 қызметкер ақталды.
Атбасар қаласындағы №1 түзеу мекемесінде бұрынғы лауазымды тұлғалары сотталғандарға қатысты азаптау әрекеттерін қолданғаны үшін айыпталған.
Ақмола облысының прокуратурасы сот актісімен келіспей, 2025 жылы 14 ақпанда апелляциялық өтінішхат енгізді.
Бұған дейін сайтымызда "Азаптауға ұшыраған сотталушы белсенді Дәнебаев мәлімдеме жасады" деген мақала жарияланған болатын.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде тұтқын Тимур Дәнебаевтың колонияда аяусыз азапталғаны туралы видео интернетте тараған болатын. Жағдай көпшіліктің наразылығын тудырды. Қызметтік тергеу басталды. Қыркүйектің 6-сы күні құқық қорғаушы Елена Семенова азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Кейін қылмыстық атқару жүйесі 11 тәртіп сақшысын жұмыстан босататынын, қылмыстық атқару жүйесінің басшысы, оның орынбасары мен колония бастығы қызметтерінен алынатынын хабарлады. Қылмыстық іздестіру басқармасы да қылмыстық істің қозғалғанын растады.
2024 жылдың 31 шілдесінде азаптау ісі бойынша Атбасар колониясының 12 қызметкеріне қатысты сот отырысы басталды. Олардың үшеуі қамауда, қалғандары кепілмен босатылды. Іс материалдарына сәйкес, колонияның 44 тұтқыны жәбірленуші деп танылды, сот алқабилердің қатысуымен өтіп жатыр.