Асхат Аймағамбетов медицинадағы артық шығын мен бюрократия мәселесін көтерді

Асхат Аймағамбетов медицинадағы артық шығын мен бюрократия мәселесін көтерді
Асхат Аймағамбетов. Фото: facebook.com/askhat.aimagambetov

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік саладағы мемлекеттік шығындардың тиімділігіне қатысты бірқатар мәселені көтерді. Оның айтуынша, бюджет қаражатының артық жұмсалуына заңсыз әрекеттермен қатар, қажетсіз рәсімдер де себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы депутат Telegram арнасында жазды.

Аймағамбетов мысал ретінде мүгедектікті қайта растау үшін азаматтарды міндетті түрде ауруханаға жатқызу талабын атады. Оның сөзінше, адамның жағдайы тұрақты әрі қайтымсыз болса және госпитализация емдеуге қажет болмаса, тек медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдама алу үшін стационарға жатқызудың қажеттілігі жоқ.

Мұндай жағдайда азамат дәрігерге жазылып, анализ тапсырып, жолдама рәсімдеп, госпитализация кезегін күтуге мәжбүр болады. Бұл МӘМС жүйесі үшін қосымша шығынға, дәрігерлерге артық жүктемеге және басқа пациенттердің аурухана төсегін ұзақ күтуіне әкелетінін депутат атап өтті.

Аймағамбетовтың айтуынша, мәселе Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерімен бірге талқыланып, тиісті нормативтік актілерге өзгерістер енгізу бойынша шешімдер қабылданған.

Депутат тағы бір мысал ретінде онкологиялық стационарға жатқызар алдында жүрек ауруы болмаса да ЭКГ, эхокардиографиядан өту және кардиолог кеңесін алу талабын келтірді. Оның мәліметінше, Қарағандыдағы бір онкологиялық орталықтың өзінде жылына шамамен 17 мың госпитализация жүргізіледі. Соның салдарынан мыңдаған зерттеу қайталануы мүмкін.

Аймағамбетов мұндай мәселелерді шешу үшін цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізумен қатар, қолданыстағы рәсімдердің өзін қайта қарау қажет деп санайды.

"Егер артық рәсімді жай ғана электронды форматқа көшірсек, ол электронды болады, бірақ артық рәсім болып қала береді", – деп жазды депутат.

Оның пікірінше, медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде де негізсіз мүгедектік рәсімдеуге жол бермеу мен шынымен көмекке мұқтаж азаматтар үшін кедергілерді азайту қатар жүруі керек.

Аймағамбетов реформалардың нәтижесінде бюрократия мен теріс пайдалану мүмкіндіктері азайып, тиісті көмекті қажет ететін азаматтарға қызмет уақытылы көрсетілуі тиіс екенін атап өтті.