Асханада асылып қалған, Жапаровты сынаған Арыстан Алайдың ісіне қатысты жаңа дерек айтылды

Сағыныш Сардарова 02 ақп. 2024 12:05 4954


Қырғызстанда "қыс болмайды" деген сөзі арқылы танылған Арстан Алай қаңтардың басында өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Елдің бас прокуроры Құрманқұл Зулушев оның өлімі бойынша тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.



"Олар (түрме әкімшілігі қызметкерлері – еск.) Арыстан Алай үтіктің электр бауын басып жүргенін, су, шәй ішіп жүргенін 24 сағат бойы көрген. Көрген де, шара қолданбаған. Ол жақта істеген қыз жас екен, барғанына жеті ай болыпты. Оған түсіндіру жұмысы жүргізілмеген. Сондықтан "салғырттық" бабы бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр", - деп келтірді Зулушевтің сөзін "Азаттық радиосы".



5 қаңтарда сағат 05.15 шамасында жазаны өтеу қызметінің №31 арнайы емдеу-түзеу мекемесінің асханасында айыпталушы Арстанбек Бейшеналиұлы Әбділдаев асылған күйінде табылған еді. Октябрь аудандық соты Арстанбек Әбділдаевқа қатысты 2023 жылғы 16 желтоқсаннан 2024 жылғы 15 қаңтарға дейін Бішкектің уақытша ұстау изоляторына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. Бірақ 2023 жылғы 28 желтоқсанда психиатрдың ұсынысы бойынша айыпталушы №31 колонияға "нақтыланбаған психиатриялық бұзылыс, галлюцинация" диагнозымен ауыстырылған.


"29 желтоқсанда №31 колонияға келгеннен кейін Арстанбек Әбділдаев дәрігерлерге мезгіл-мезгіл жүрек уруы, бас ауруы, құлақтың шуылы, асқазанның ауруы (тамақ ішкеннен кейін) секілді шағымдарымен жүгінді. Тексеріс қорытындысы бойынша алдын ала диагноз жасалды: нақтыланбаған психотикалық бұзылыс, жүрек ауруы, өте қауіпті гипертония. Диагнозды нақтылау үшін кардиолог, гастроэнтеролог және психиатр дәрігерлер комиссиялық тексеріс жүргізу қажет екені туралы шешім қабылданды. 5 қаңтарда сағат 4.52 шамасында Арстанбек Әбділдаев колонияның асхана бөлімшесіне кіріп, 5.15-те асылған күйінде табылды", - делінген хабарламада.


Сонымен қатар, ведомство мәліметінше, мәйітті тексерген кезде дене жарақаты табылмаған. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалған.


Арстан Алай былтыр желтоқсанда ұсталды. Оның үстінен Қырғызстан Қылмыстық кодексінің 330-бабы "Діни араздықты қоздыру (алауыздық)" бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Қамауға алуға және қылмыстық іс қозғауға Алайдың әлеуметтік желілерде, кітаптарында "діни және дінаралық араздықты қоздыруға үндеу жариялағаны, діндарлығы негізінде азаматтардың жеке басын насихаттайтыны" туралы ақпарат негіз болған. Кейін оның қамауда қалғаны айтылды.


Арстан Алай 2011 жылдың аяғында "Қыс болмайды" деп айтқан кезде танымал болды. 



"Күлесіңдер, бірақ кейін бәрі расталады. Қыс болмайды, Батыста су тасқыны болады. Көресіңдер, сосын күлесіңдер", - деген еді ол баспасөз мәслихатында.




Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар