Астананың 20 жылдығына орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын, ондағы рухани құндылықтарды ұрпаққа өнеге ету, халық арасында насихаттау, отансүйгіштікке тәрбиелеу, өлең құдыреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында өтікізілген жыр додасын Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев ашып, ізгі тілегін арнады.
«Сайын Сарыарқа төсінде Қазақ елінің тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз Астананың бой көтергеніне де 20 жыл толды. Бүгінде сәулеті мен дәулеті жарасқан елордамызды төрткүл дүние танып отыр. Астана жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің жасампаз шаһары атанды. Астана бар қазақтың бас қаласына айналды» – деген Айдар Карбозұлы елорда тойы – елдің тойы, елдіктің мерекесі, ұлттың қуанышы, мемлекеттің мерейі бола беретінін айтып, жыр мүшәйрасына қатысып отырған ақындарға сәттілік тіледі.
Осындай әдемі тілектен кейін сахна төріне іріктеуден өткен ақындар шықты. Олардың әрқайсысы Астананың 20 жылдығына арнап жазған өлеңдерін оқып, жырларымен көпшіліктің жүрегін тербеді.
Сайыс болған соң оның өз жеңімпаздары болары анық. Жыр додасында жеті бірдей ақын жүлделі орындарды қанжығасына байласа, қалған ақындарға басқарманың Алғыс хаты табыс етілді.
Басқарманың үшінші дәрежелі дипломы және 80 мың теңге ақшалай сыйлықпен талдықорғандық Азамат Нұрмұхан, Бақберген Алтай және Панфилов ауданынан келген Ғапу Еркін марапатталды. Жүлделі екінші орын және 100 мың теңгелік сертификат екі ақынға бұйырды. Олар Жамбыл аудандық «Атамекен» газеті бас редакторының орынбасары Айнұр Төлеу және облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Асыл Сұлтанғазы. Бірінші дәрежелі диплом және 120 мың теңге ақшалай сыйлықты облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Қозыбай Құрман алды.
Жыр додасында елорда турасында ерекше ой-толғаныспен өлең жазған облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек басқарманың бас жүлдесі мен 150 мың теңге сыйлықты иеленді.
Айта кетейік, жыл басында жарияланған байқауға барлығы 39 үміткерден өтініш түссе, оның 15-і қазылардың төрелігімен іріктеуден өтіп, жыр мүшәйрасына қатысуға жолдама алды.