Астанадағы көкпарда қырғыздар мен қазақтар төбелес шығарды

Көркем Алдабергенова 12 қыр. 2024 15:26 10396

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында турнирдің финалында Қырғызстан мен Қазақстан құрамаларының көкпаршылары жаппай төбелесе жаздады, - деп хабарлайды Dalanews.kz

"Ұлысмедиа" мәліметінше, бірінші таймның соңына 6 минут қалғанда 1:3 есебімен Қырғызстан құрамасы алға шыққан. Осыдан кейін жанжал басталып кетті. Спортшылар бірін-бірі қамшымен ұрды. Кейін полиция келіп, оларды ажыратты. Финал уақытша тоқтатылды. Қос тарап сабырға келіп, кейіннен ойын жалғасты.

Massaget.kz мәліметінше, ойын нәтижесі бойынша, Қазақстан ұлттық құрамасы топ жарды. Отандастарымыз финалда қырғыз шабандоздарын ұтты. 

Екінші кезеңде Қазақстан құрамасы есепті теңестіріп қана қоймай, 4:3 есебімен алға озған. Алайда қырғыздар ойын аяқталар тұста салым салып, нәтижені теңестіріп кетті. 

Қосымша уақыттағы сайыста 5:4 есебімен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.

"Көшпенділер ойындарының оқу-жаттығу жиынын жыл басында бастадық. Елді қуантамыз деген мақсатымыз болған еді. Қырғыз ағайындармен кездесу қиын болады деген едім. Расында солай болды. Десе де ел намысын қолдан бермей, үмітті ақтадық", – деді көкпардан ұлттық құраманың бас бапкері Ақылбай Манкеев.

Қырғызстандық спортшылар марапат аяқталғанын күтпей трибунадан кетіп қалды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар