Астанадағы автобус апатында аяғынан айырылған қыз ауруханадан шығарылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың сөзінше, бүгін бала ауруханадан шығарылған.
Бала Ақмола облысы Егіндікөл ауданындағы медициналық мекемеде одан әрі ем алады, себебі осы жаққа тіркелген. Тимур Мұратовтың сөзінше, жергілікті емхана жеке оңалту бағдарламасын әзірлеумен айналысып жатыр.
"Өкінішке қарай, аяғын кесу керек болғанын бәрі біледі. Мұның бәрі өмірін құтқару үшін жасалды. Отадан кейінгі жаралары емделгеннен кейін баланы оңалтумен айналысамыз", - деді ол.
Еске сала кетейік, 2 маусымда елордада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, бірнеше адам жарақат алған болатын. Алуа – сол апаттың ең ауыр зардап шеккен жолаушыларының бірі.
Бұған дейін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бұл отбасының жағдайы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің тікелей бақылауында екенін мәлімдеді.