Astana English School халықаралық мектебінде 900 млн теңгеден аса қаржы жымқырылған

Сағыныш Сардарова 01 шіл. 2025 11:05

Астанадағы "№81 Astana English School халықаралық мектебі" КММ бұрынғы басшылығының үстінен бюджет қаржысын ірі көлемде ұрлады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Қазір бұл дерек бойынша елорданың Экономикалық тергеу департменті тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz 

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, мектептің бұрынғы директоры мен бас бухгалтері 900 млн теңгеден аса ақшаны заңсыз иемденген.

Тергеу нәтижесінде бұл соманың бір бөлігі – ата-аналардан дайындық сыныптарына оқыту және жазғы лагерьге қатысу үшін қолма-қол алынған ақша екені, алайда бұл қаражат мекеме шоттарына түспей, ұрланғаны анықталған.

"Сонымен қатар, шамамен 16 млн теңге іс жүзінде ұйымда жұмыс істемейтін жалған қызметкерлер атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің жалған түрде рәсімделген туыстары да бар", - деп жазылған хабарламада.

Жымқырылған қаржыға күдіктілер жалпы құны 382 млн теңге болатын жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алған. Оның ішінде елордадағы бір коттедж, екі пәтер және көлік бары белгілі болды.

Қазір бұл мүлік сот санкциясымен тәркіленіп, тыйым салынды.

Қылмыстық іске қатысты тергеу жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар