Күндізгі рейд елорданың барлық бес ауданында өткізіледі. Оларға еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар қатысады. Белсенділердің арасында спортшы һәм әлеуметтік кәсіпкер Айтым Жақыпов бар.
– Бүгін бізде әкімдікпен және полиция департаментімен бірлесіп «Тоқта, вандал» кезекті акциясы өтті. Біз қаламыздағы көше мен саябақтарда боялған, қаламдармен есімдер жазылған көптеген орындықтар бар екенін көрдік. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастарды ең алдымен спортқа қызықтыру, содан кейін қоғамның мүлкін көздің қарашығындай аялап ұтсауға үндеуді көздейміз. Осылайша қоғамдық сананы оятып, ел азаматтары арасында патриоттық сезімді арттыруды көздеп отырмыз, – деді Айтым Жақыпов акция туралы.
Науқанға қатысушылар рейдтер кезінде көшелерді қоқыстардан және жазулардан тазартады, қала тұрғындарына қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығы туралы профилактикалық түсіндіру жүргізіледі және оларды спортқа қызықтырады.
– «Тоқта, вандал» акциясы жыл басынан бері әкімдіктің қолдауымен өткізіліп келеді. Оған «Астана жастары» ЖРО еріктілері, белсенді азаматтар, қала тұрғындары, қоғам белсенділері қатысып жатыр. Рейдтер елорданың барлық бес ауданында өтуде, – деп атап өтті NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Альфараби Аймақ.
Естеріңізге сала кетейік, жыл басынан бері құқық қорғау органдары вандализм әрекеті үшін 100-ден астам адамды анықтап, жауапқа тартты. Қала бойынша күнделікті патрульдеуді екі мыңнан астам полиция қызметкері жүзеге асырады.