Астанада лифтіде қызға тиіскен ер адам 15 тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға 11 ақпан күні таңертең қаладағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Сот дерегінше, 2014 жылы туған қыз лифт күтіп тұрған кезде қасына бейтаныс ер адам келіп, күмәнді әрекет жасаған. Алдымен лифтке қыз кіріп, артынша ер адам мінген. Қыз бұрышқа жақын тұрған сәтте ер адам айналып өтіп, оның дәл артына тым жақын келіп тұрған. Сол кезде қыздың рюкзагына тиіп кетіп, сөмкесі жерге құлаған. Қыз артына бұрылған мезетте ер адам лифттен шығып кеткен.
Сотта ер адам кінәсін мойындамаған және әрекетінің себебін түсіндірмеген. Қыздың анасының айтуынша, сол күні ол үйіне алаңдап оралған.
Істі қараған сот ер адамның кәмелетке толмаған баланың жеке кеңістігін әдейі бұзғанын анықтап, оны ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Нәтижесінде оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
