Астанада LRT желісін Қосшы бағытына дейін ұзарту жұмыстары басталды. Екінші кезең аясында алғашқы тірек құйылып, алғашқы құрама темірбетон дайындалғаны белгілі болды. Бұл туралы City Transportation Systems мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Компания мәліметінше, Астана мен Қосшыны жалғайтын желі бойынша алғашқы тірекке бетон құю жұмысы аяқталған. Сонымен қатар, елордадағы бетон зауытында эстакадалық бөліктің алғашқы құрама темірбетон арқалығы өндірілген.
Жоба аясында Қосшы бағыты бойынша 300-ден аса тірек орнату, 538 құрама темірбетон арқалықты және сегіз монолитті арқалықты монтаждау жоспарланған. Мамандар бұл жоба елорданың көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Бұған дейін Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT жобасының екінші кезеңі бірнеше тармақтан тұратынын айтқан еді. Соның бірі Сығанақ көшесі арқылы Тұран даңғылына өтіп, қаланың ескі бөлігіне, теміржол вокзалына дейін жалғасады. Ал Қосшы бағытына баратын алғашқы бөлікті шамамен бір жарым жыл ішінде аяқтау жоспарланып отыр.