Freedom Inside '26

Астанада көпбалалы отбасыларға терезе құлыптары орнатылды

Астанада көпбалалы отбасыларға терезе құлыптары орнатылды
Dala News

Астанада балалардың терезеден құлау фактілерінің көбеюіне байланысты Төтенше жағдайлар департаменті көпбалалы отбасылардың пәтерлеріне арнайы қауіпсіздік құлыптарын орнату акциясын өткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Іс-шара барысында құтқарушылар мен еріктілер бірнеше отбасының үйіне барып, терезелерге арнайы блокираторлар орнатты. Бұл құрылғылар балалардың терезені өз бетінше ашуына жол бермей, жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік береді.

ТЖД мәліметінше, жазғы демалыс басталғалы бері елордада балалардың терезеден құлауына байланысты 11 оқиға тіркелген. Өкінішке қарай, оның біреуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Ал жыл басынан бері мұндай оқиғалардың саны 21-ге жеткен, ал төртеуі қаза тапты.

Акция аясында журналистер көпбалалы отбасылардың бірінің үйінде болып, қауіпсіздік құрылғыларын орнату жұмысына куә болды.

Пәтер иесі құтқарушыларға алғысын білдіріп, мұндай бастаманың ата-аналар үшін аса маңызды екенін айтты.

«Балалардың қауіпсіздігі  бәрінен маңызды. Осындай құрылғыларды тегін орнатып берген Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне үлкен рақмет. Енді балалар үшін әлдеқайда алаңсыз боламыз», – деді тұрғын.

Мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, терезе маңына жиһаз қоймауға және міндетті түрде қауіпсіздік құралдарын пайдалануға шақырды.

Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мұндай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.