Астанада ірі сауда үйіне келтірілген 473,6 млн теңге көлеміндегі шығынға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шықты. Сот шешіміне сәйкес, алаяқтық схеманы ұйымдастырған топтың барлық мүшесі 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, сауда үйінің қызметкерлерінің бірі 10 танысымен бірігіп, тұрмыстық және электронды техниканы заңсыз иемденудің жүйелі тетігін құрған. Қызметкер жалған промокодтар рәсімдеп отырған, ал оның сыбайластары сол кодтар арқылы iPhone, ноутбук, теледидар, тоңазытқыш секілді тауарларды алған. Кейін техника үшінші тұлғаларға қайта сатылған.
Сот алаяқтық әрекеттердің салдарынан компанияға келтірілген залалдың жалпы сомасы 473,6 млн теңгені құрағанын анықтады. Жаза мерзімінен бөлек, сотталғандар материалдық шығынды толық өтеуге міндеттелді.
Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
