Астанада ірі көлемде есірткі сатушы топ әшкере болды

Асель Қайратқызы 13 қар. 2025 10:07

Астанада полиция гашиш сату арнасын әшкереледі, – деп хабарлайды Dalanews.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Елордада жүргізілген жедел іс-шаралар барысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған шетел азаматы ұсталды. Тінту кезінде одан өзіне тән иісі бар, өсімдік тектес зат салынған қағаз қорап табылып, оның гашиш екені анықталды. Есірткі заты тәркіленіп, күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Одан әрі жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде тәркіленген есірткіні сатуға қатысы бар тұлға анықталды. Оның 57 жастағы жүк тасымалдаушы болып жұмыс істейтін елорда тұрғыны екені белгілі болды. Тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту кезінде шамамен 6 келі гашиш табылды. Сатуға дайындап қойған 10 қаптама есірткі заты мен 110 қағаз орама, сондай-ақ өлшеуге және буып-түюге арналған таразы мен құралдар тәркіленді. Ер адам есірткі заттарын таныстары арқылы орамаларды сатып алушыларға қолма-қол беріп отырған. Барлық тәркіленген зат айғақ ретінде алынды, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция есірткі заттарын сақтау, сату және тарату үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар