Астанада автотұрақтарға минутына төлем жасау жүйесі енгізілмек

Көркем Алдабергенова 17 қаз. 2025 12:01

Астанада ақылы автотұрақ жүйесіне қатысты ауқымды өзгерістер енгізілмек. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мәжіліс депутатының ресми сауалына берген жауабында хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.
 
Жаңа жүйенің ерекшелігі
 
Қала әкімінің түсіндіруінше, енді елордада шлагбаумы бар жаңа үлгідегі аудандық автотұрақтар пайда болады. Онда нөмірді автоматты танитын бейнебақылау камералары орнатылады. Бұл жүйе көліктің кіру және шығу уақытын автоматты түрде тіркеп отырады.
 
Жаңа жүйенің басты айырмашылығы - минуттық төлем. Яғни жүргізушілер тек нақты тұрған уақыты үшін ғана төлейді. Осылайша, пайдаланылмаған уақыт үшін ақшаны қайтару қажеттілігі жойылады.
 
Сонымен қатар, ашық коммуналдық автотұрақтарда да заманауи камералар мен төлем жүйесін енгізу жоспарланып отыр, бірақ ол тек инфрақұрылымы мүмкіндік беретін жерлерде іске асырылады.
Бірізді ережелер
 
Әкімдік дерегінше, қазіргі таңда Астанадағы автотұрақтар екіге бөлінеді:
  • Жеке автотұрақтар - кәсіпкерлер мен компанияларға тиесілі, олар тарифті өздері белгілейді және өз аумағын өздері басқарады.
  • Коммуналдық автотұрақтар - қала меншігінде және уәкілетті органдардың бақылауында.
Жаңа жүйе ең алдымен осы коммуналдық тұрақтарға енгізіледі. Әкімдік атап өткендей, бұл модель қаржылық ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық төлем мен айыппұлдан түсетін қаражаттың қозғалысы бақылауда болады.
 
Алдын ала тарифтер
 
Жаңа жүйе бойынша келесі тарифтер ұсынылған:
  • 300 теңге/сағ - шлагбаумы бар аудандық автотұрақтарда;
  • 100 теңге/сағ - ашық коммуналдық автотұрақтарда.
Жеке тұрақтар үшін тариф бұрынғыдай еркін қалады. Қазір олардың бағасы 300 теңгеден 5000 теңгеге дейін өзгереді - орын мен жағдайға байланысты.
 
Мобильді қосымша жайлы
 
Қолданыстағы автотұрақтар үшін төлем жүргізілетін мобильді қосымша «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-іне тиесілі. Бұл - мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы серіктес компания.
 
Қазір әкімдік аталған серіктестікпен шартты бұзу рәсімін жүргізіп жатыр. Бұдан кейін автотұрақтарды басқару толықтай қаланың меншігіне өтеді.
 
Келісім аяқталған соң, коммуналдық автотұрақтарды пайдалану ережелеріне өзгерістер енгізіліп, минуттық төлем жүйесі мен жаңартылған есеп жүйесі ресми түрде бекітіледі.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар